Бұл дайындығы жыл жүрген, 13-ші «Алматы марафон». Желаяқтар түрлі қашықтықта бақ сынады. Атап айтқанда: 42-ге 1000-ға тарта, 21-ге 4000-ға жуық, ал 10 шақырымға 11 мыңнан аса адам қатысқан.
Салтанат Қазыбаева, race-director «Almaty marathon»:
– Марафонға жарты жылдай уақыт қалғанда тиянақты дайындықты бастау керек. Солай ғана ешқандай жарақат алмай, қиындықсыз үлкен қашықтықтарды бағындыруға болады. Одан бөлек, денсаулықты қадағалап отыру да бар.
«Алматы марафонының» биылғы өзегі: экологияны сақтау, оны оңтайластыру. Осы жолда талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан эколог маман Евгений Мұхамеджанов: қалдықтарды, сусын бөтелкелері мен шыны ыдыстарды қайта өңдеудің жолын тапқан.
Евгений Мұхамеджанов, «ECO Network» қауымдастығының негізін қалаушы:
Біз «Алматы марафон» шарасын көгалдандырып, барынша тазалықты сақтауға тырысамыз. Адамдар қалдықтарды сұрыптап тастай алады. Арнайы велошредріміз де бар. Бөтелкелерді майдалап, өздеріне медаль жасап бере аламыз.
«Алматы марафоны» жүгіруден мыңдаған әуесқойларды біріктіретін Орталық Азиядағы ең ірі спорттық шара. Бұған дәлел, Қырғызстаннан ат арытып келген 70 жастағы Меңдібек Сыдықов ақсақал. 10 шақырымды 45 минут 10 секундта бағындырған.
Меңдібек Сыдықов, «Almaty marathon 2024» қатысушысы:
– Қырғызстаннан, Бішкек шаһарынан келдім. 10 километрге жүгірдім. Бұл менің Алматыдағы екінші марафоным. Бірінші рет 2022 жылы, 42 шақырымдыққа қатысқанмын. Ол кезде 4 сағатта келдім. Жеңіл атлетика, спортты қатты жақсы көремін.
Биылғы Парижде өткен олимпиадада, жүлдегер атанған спортшылар, қатысушыларды қолдап келді. Бұл тізімде паралимпиада ойындарында дзюдодан 48 келіде чемпион атанған – Ақмарал Науатбек те бар. Алтын алған Ақмарал, жүгіруге қатысту лайфхактармен бөлісті.
Ақмарал Науатбек, Париж паралимпиадасы чемпионы:
– Ең бастысы ол, дұрыс тамақтану және де дұрыстап демалып алу. Дайындығың жақсы болса, жеңіл жүгіресің. Ең бастысы осы марафоннан ләззат алу деп ойлаймын.
Марафон арбаға таңылғандардың да арманын орындауға мүмкіндік беретін бірден бір шара. Мәселен Эльмира Сабыралиева Алматының ойлы-қырлы жолдарына қарамастан 10 шақырымды, 2 сағатта өткен.
Эльмира Сабыралиева, «Almaty marathon 2024» қатысушысы:
– Биыл уже екінші рет қатысып жатырмын. Бұрын жас кезімде қатысқанмын. Сосын 15 жылдай үзіліс болды. Қазір қайтадан бастадым. Подъем қиын болды. Мына коляска спускке күшті айдайды. Ал подъемда мына колясканың салмағын көтересің.
Ерлер арасында 42 шақырымға жүгіруден бірінші орынды Қырғызстан, екіншіде Қазақстан, қоланы Моңғолия жеңіп алды. 21-де Ресей, Украина, Белоруссия үздік үштікті бөлісті.