Қойылым: нәзік, иронияға толы, шуақты әрі шулы Италияның бір отбасының, атап айтқанда Тонино Гуэрраның өмірін баяндайды. Онда үш буынның тағдыры көрсетілген. Басты кейіпкер, бала Тонино ата-анасы, әжесімен бірге өседі және өмірлік қиын да сындарлы жағдайларға төтеп беруді үйренеді. Тонино 4-ке толғанда әжесінен, 5-ке келгенде атасынан айырылады.
Ата-әжесінің қамқорлығын көріп өскен Гуэрраға әке-шешесінің қаттылығы мен қаталдығына бой үйретуі қиынға соғады. Ақынның анасы күшігімен әуре, әкесі бақшаның шаруасымен...
Реквезиттер, ауыр-ауыр паралон аралас, күріш толтырылған костюмдер. Бұл белгілі сценарист, жазушы, ақын, кинорежиссер Тонино Гуэрраның әжесін ойнаған Татьяна Костюченконың образы. Қызуқанды, ерке, ештеңеден қымсынбайтын келіншек. Бәрінен де немересі мен үйректерді қатты жақсы көреді.
Татьяна Костюченко, актриса:
Дайындық барысында италяндық фильмдерді көп көрдім. Үлкен апалармен араласып, әңгімелесіп сөйлеу, сөйлесу мәнерлерін зерттедім. Тіпті қимыл-қозғалыстарын да жаттадым.
Ал Шие атаны ойнаған Никита Коньшин. Өзі қырықтың қырқасына жақындаған. Бірақ 70-ке таяған ақсақалдың образын алып шыққан.
Никита Коньшин, актер:
Мен Тониноны атасы шиені ойнадым. Персонажым шамамен 68 жаста. Образды ашу оңай болмады. Дайындық шамамен жарты жылдай жүрді. Тіпті әр қозғалыста қосылатын музыканы да асқан талғаммен таңдауға тырыстық. Өйткені бұл қойылым нәзіктік пен ерекшелікті талап етеді.
Гуэрраның анасының рөлі Фатима Сағымбековаға бұйырған. Актриса аталмыш образды алып шығу үшін, ұйқыны ұмытқанын айтады.
Фатима Сағымбекова, актриса:
Бұл қойылымда мен жазушы Тонино Гуэрраның анасын ойнадым. Спектакльдің материалы және жанры біз үшін қиындау болды. Әр қозғалысымызда динамика болуы керек дегендей. Дегенмен аталмыш рөл жаныма жақын. Себебі өзім де анамын. Бірақ менің ұлым емес, қызым бар.