Балжан Бидаштың экс-продюсерлерімен қарым-қатынасы қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром

«КешYOU» -дің тарихымен Балжан Бидаштың төрт жыл ғұмыры біте қайнасып жатыр! Топқа өзімен бір мезетте қабылданған үзеңгілестері отбасылық өмірді таңдап кеткені белгілі. Жұлдыз бен Ақбота сынды емес, миссиясына берік Бидаштың жауапкершілігі продюсерлерін тәнті еткендей. Ресми қоштасса да, қанаттарының астынан мүлде шығарып тастамаған.

Балжан Бидаш, әнші:

-Мен «Shine Production»-нан кететін кезде, Баян Мақсатқызымен сөйлескен болатынмын, сол кезде, ол кісі айтты: біз саған әрқашан қолдау көрсетеміз.Ал, Бағым Мақсатовна осы әнді жазу барысында көмектесті.

Бүгін Бидашка тұңғыш бейнебаянын таспалап жатыр. Түсірілім жұмыстарының бүге-шүгісіне дейін өзі жауапты. Тіпті, өзі стилист, ұйымдастырушы, демеушіде өзі.

Балжан Бидаш, әнші:

- Менде қазір продюсер жоқ. Мен өзім жеке жұмыс істеудемін.Топта жұмыс істеген ол бір бөлек әрине, ол жерде бәрін дайындап береді. Сен барасың, киіміңді киесің, боянасың, шығасың деген сияқты. Ал бұл жерде мен жеке болғандықтан, әр майда нәрсеге өзім жүгірудемін.

Бұдан былай оның сахналық аты «Бидаш» болмақ! Дегенмен, репертуарында әзірге айтарлықтай өзгеріс жоқ. Топтың стиліне ұқсас әндер жаздырып жатыр.

Балжан Бидаш, әнші:

- Енді неге айғайлап ән айтып кеттің дегендерге, жеңіл әндерім де бар алда. Неге жеңіл ән айтып кеттің дейтіндерге дауыс көрсететін, айғайлайтын әндерім де дайын тұр. Сондықтан бастамасында, мені қатты сынға алмаса деп ойлаймын.

Сахнаға қайта оралуға сылқым тыңғылықты даярланған! Сондықтан, тыңдармандарын сарылтпай, тың туындыларын жиі жариялап отыруға уәде берді.