Мөлдір Нұрғалиқызы @moldirr_kozim
– Ол ерекше дауыс иесі, талантты сазгер. Ұшқын Жамалбек – қазақ музыка индустриясының жарқын өкілі. Дәстүр мен заманауи әуездің үйлесімі, айрықша драйв, өзіндік стиль – бұл оның басты ерекшелігі. Revue news бүгін Ұшқын live кешінде қонақта.
Бүгінде қазақ музыка кеңістігіне өзгеше серпін әкеліп, тыңдарманды рухты әндермен ерекше сарынға бөлеп жүрген Ұшқынның шығармашылығы жұртты сүйсіндіріп жүргені рас. Шамамен 1,5 жыл бұрын «Сарын-1» атты шығармашылық кешін өткізген музыкант бұл кештің өзгеше бағытта болатынын айтты.
Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:
– Бұл кешімізде менің бүкіл киноға жазған саундтректерім. Көптеген арналарда көрсеткен менің сол фильмдерімнің саундтрегі. Студиядағы атмосферамызды кішігірім халықпен бөліскіміз келген.
Артист кешінің бірінші бөлімін энергетикалық әндерімен бастап, екінші бөлімінде лирикаға толы шығармаларын орындады.
Қиыр шығысты аралап, музыка әлемінің түрлі бағытымен танысып келген сері, ән жазу стиліне тәжірибе жасап көруге дайын екендігін жеткізді.
Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:
– Джаз стилі болмысыңызға тура келіп, жаңа деңгейге көтергенін жазыпсыз әлеуметтік желіде. Стиліңізді өзгерткелі жүрген жоқсыз ба?
– Бұл нақты мен осы джаз стиліне кетіп қалдым деген емес. Жалпы, осы этно стильді әр түрлі бағытта тәжірибе жасап көру мақсатында айтқан болатынмын. Жалпы әлемдік үрдіске шығарғым келеді.
Концертте әншінің тағы бір жаңалығын білдік. Музыкант ұстазы, театр және кино саласының өкілі Тұңғышбай Жаманқұловпен заманауи фит жазуға ниетті екенін хабарлады.
Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:
– Ол кісіге жеке бір ән жазып бергенмін, аранжировкасымен бірге. Жеңіл дүниені ұсынуға қорқам. Өйткені ол кісінің ойы да терең. «Мынауың не?» деп айтама деп қорқамын. Енді ұстаз ғой қанша дегенмен, сескенесің. Сондықтан ол кісімен жақсы коллабарация жасасақ, міндетті түрде әлеуметтік желіде хабарлаймын.
Жеке кешіне ешбір жұлдызды қонақ шақырмаған өнерпаз, шынайы тыңдарманмен қауышуды көздеген сыңайлы. Сондықтан Ұшқынның концертінде демалуды жөн санаған әріптесі Нұрлан Албан да көрермен қатарынан табылды.
Нұрлан Албан әнші:
– Өйткені бұл ердің құны емес қой. Сондықтан, неге мен өзімнің рақатым үшін кішігірім ақшаға билет сатып алмасқа? Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек.
Дауыс бояуы бөлек әншінің алға қойған барлық жоспарлары іске асып, жаңа альбомын көп ұзамай тыңдаймыз деп сенеміз!