– Еркебұлан Тоқтар қомақты қаражатқа зәру. Актер ол үшін шаршы алаңға шығуға да дайын. Алайда Тоқтартегінің кезекті қарсыласы осал емес. Көпшілікке «Слова пацана» жобасындағы Кащей кейіпкерімен танылған Никита мен Еркебұланның былғары қолғап түйістіруі немен аяқталарын бүгінгі шешуші раунд анықтамақ.
Режиссер әрі продюсер Дәулет Жұмабаевтың дебюттық жұмысы – «Арлан: Решающий раунд» спорттық драмасы актер Еркебұлан Тоқтарға арнайы жазылған. Киногер мұнысын Тоқтартегінен артық кандидатура болмады деп түсіндірді.
Дәулет Жұмабаев, режиссер, кинопродюсер:
– Сценарий жазарда көз алдыма Еркебұланнан өзге жанды елестете алмадым. Өйткені ол керемет актер әрі нағыз жауынгер. Жақсы үйлесім. Басқа актерді спортқа денесін, техникасын әзірлеу үшін кемі жарты жыл кетеді, ал Еркебұлан дайын, үнемі формада.
– Өміріңіздің барлығы ринг болып кеткен жоқ па? Кинода да, өмірде де?
– Халыққа әзірге осы қызық болып тұр.Ертең басқа қызық нәрселер болса, басқа нәрсемен айналысамыз.Халыққа не керек, соны береміз.
– Қашан демалыс аласыз жалпы спорттан, шаршы алаңнан?
– Менің ойымша осы 8-ақпанда бір төбелесем, 23-ақпан екінші жекпе-жегім бар, сосын ораза басталады, сол кезде демалыс бастаймын, жазда төбелеспеймін.
Ережесіз жекпе-жекте мінсіз жұдырықтасу шоуын жасап жүрген актер, шаршы алаңдағы қарсыластарымен барынша достаспауға тырысады екен. Оған себеп:
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Мен бұрын қарсыластарыма өте қатты сыйластықпен қарайтынмын. Бірақ, олай істеуге болмайды екен. Өйткені, рингта ұра алмай қалам мен.
Алайда актер картинадағы қарсыласы Ресейлік Никита Кологривыймен ерекше сыйластық, достық қарым-қатынас орната алған. Тоқтартегі «біз тек кадрда қарсылас болдық»,- дейді.
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Өте жақсы жігіт, өте жақсы дос боп кеттік. Өзі 10 ақ күн болды бізде, 10 күнде біраз нәрсені бір жаққа қыдырттық, жүрдік, ойнадық, күлдік. Өте жақсы жігіт екен.
Лента болашағынан үміті зор Арлан есімді боксшы жайлы. Былғары қолғап шебері Олимпиада ойындарына аттанарда бауырының еміне қаражат қажет болады. Мәжбүрліктен ақша үшін жұдырықтасуға бекінген кейіпкерге, спорттағы мансабымен қош айтысуға тура келеді. Еркебұлан «бұл менің де басымнан өткен»,- деп қалды.
– Жалпы рингтен шаршаған уақытыңыз болады ма кейде?
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Қазір құсқым келіп тұр мына рингты көріп уже, жаңа ғана спарингтан келе жатырмын.
Актер лентада жұдырықтасудан бөлек, спорттық дайындық барысын көрсетеді. Каскадер, дублердың көмегінсіз трюктарды өзі жасаған сері, жүйрік аттармен жарысып, оларды басып озуға тура келді дейді.
– Желаяқтығыңыз бұрыннан бар ма?
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Жоқ, желаяқтығымды сол кезде түсіндім бар екенін.Оған дейін жүгірмейтінмін көп.
Еркебұланның сүйіктісін сомдайтын Арелана Амангелді үшін бұл дебюттық картина. Бір кинода түскім келмейтін актрисалар тізімі бар деген сері, бұл бикешті қара тізімге енгізбепті.
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Актерлардың да қара тізімі бар, онда ұлдар да, қыздар да бар. Енді мен ол кісілермен жұмыс істегім келмейтін список қой енді. Ол кез-келген адамда болады. Ал Арелана кірмейді ол тізімге.
Кино әлемді де, рингті де бағындырып жүрген талапшыл актерды қалай баурап алдыңыз деген сұраққа актриса былай жауап берді:
Арелана Амангелді, актриса:
– Ол жағын білмейді екенмін, өзіммен-өзім жүрем. Партнерға партнер ретінде қараймын, ары қарай басқасында шаруам жоқ.