Қазақ киносының қоржынына тағы бір драмаға толы туынды қосылды. Шынайы достық пен махаббатты, сатқындық пен опасыздықты бүкпесіз көрсете білген «Гонка» фильмінің тұсаукесері KINOPARK 11 IMAX Esentai-да өтті.
Төребек Орын, режиссер:
- Осы жазда 2019-да съемка жүрді. Осы жыл дайындап, «Гонка» фильмін көрермендерге ұсынып жатырмыз. Бізде 2 ай дайындық болды. Содан кейін 4 ай съемкада жүрдік.
Түсірілім төрт бірдей қалада өткен. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Теміртау, Қарағанды. Алғашында аталмыш туындыда Сергей Безруков бой көрсетуі керек болған екен. Бірақ оны жоба барысында Алексей Ниловпен ауыстырған. Ресейлік актер қазақ өнерпаздарына тәнті болғаны соншалық, түсірілім аяқталғанша мақтаумен болған.
Марат Абдуллаев, актер:
- Мені мақтады ол кісі. «Комфортно с тобой работать. Ты очень талантливый» деп. Бір-бірімізге комплимент айттық. Сөйтіп қоштастық.
«Гонка» фильмінде білікті, тәжірибелі актерлардан бөлек, кино әлеміне енді қадам басқан уыздай жас таланттар да бар.
Асылхан Амангелдиев, актер:
- Бұл менің дебюттік фильмім. Қиындықтар болды. Өйткені Марат Абдуллаев, Алексей Нилов сияқты мықты актерлармен ойнау оңай емес екен. Бірақ өзімді жақсы жағымнан көрсеттім деп ойлаймын.
Өмірдің түрлі қиындығы боямасыз бейнеленген «Гонка» картинасы көрермен көңілінен орын алары сөзсіз. Отандық киноны үлкен экрандардан 5-ші желтоқсаннан бастап тамашалай аласыздар.