Канье Уэст болса шығармашылықты қойып, саясатқа кірісті. Рэпер тіпті АҚШ президенті атануға үмітті. Ким Кардашьянның күйеуі бұл мақсаты үшін арнайы кампания да құрған. Музыкант енді сахнадан біржола кетпек пе?
Канье Уэст бірнеше жылдан бері саясатқа қызығушылық танытып келеді. Ол жұбайы Ким Кардашьянмен бірге, АҚШ-тың әлеуметтік мәселелеріне де араласады. Музыкант пен сәнбике көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, жұрт разылығын да талай алған еді. Рэпердің ендігі мақсаты 2024 жылы өтетін президент сайлауында – үміткер ретінде бағын сынап көру.
Кайли Миноуг полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Өнер иесін белгісіз біреулер мазалап жүрген көрінеді. Әншінің мекен-жайын біліп алған олар, үнемі үйін торуылдайды екен. Жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған Кайли, заң өкілдеріне шағымданыпты. Мән-жай анықтала келе, Миноугтың зәресін алғандар, өзінің жанкүйерлері болып шықты.
Меган Маркл, телехикаядағы рөлінен бас тартты. Патша әулетінің келініне, «Форс-мажор» картинасының соңғы бөлімінде ойнауға ұсыныс түскен еді. Алғашында дәл осы туынды арқылы танылған актриса, енді шығармашылық жолдан мүлдем қол үзетінін жеткізген. Гарри ханзаданың жұбайына, тіпті бірнеше минуттық түсірілім үшін, 6 млн доллар уәде етілген екен.