Ариана Гранде су жаңа альбом ұсынды!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Billboard» пайымымен «Жыл әйелі» атанған Ариана Гранде болса, бесінші үнтаспасын жарыққа шығармақ. Су жаңа альбом «Thank u, next» трегінің құрметіне арналған. Аталмыш әнжинақ, Гранденің мансабындағы ең табысты жұмысы болады деп күтілуде.

Ариананың әр трегі, музыкалық чарттардың көшін бастаса, бейнебаяндары қаралымы жағынан рекорд орнатуда. Әнші қыздың, шығармашылығынан бөлек жеке өміріндегі соңғы өзгерістер де – табынушыларының қызығушылығын арттыра түскендей. Сұранысқа ие өнерпаз, соңғы «Sweetener» альбомын 2018 жылы тамыз айында ұсынып, аз уақыт ішінде кезекті әнжинағын әзірлеуге кірісіп кеткен.

«Sweetener» үнтаспасы бірден «Billboard»-тың көшін бастап, алғашқы аптада 126 млн рет тыңдалып үлгерген. АҚШ еліндегі ең табысты альбомдар тізіміне енген жинақтың арқасында Ариана, Тейлор Свифт, Бейонсе және Карди Бидан кейінгі төртінші орынды иеленді.

Ариана Гранде, әнші:

-Қиналған сәтімде, ән жазамын. Тыңдарманмен жан дүниеммен бөлісу – мен үшін маңызды. Өйткені тек соның арқасында ғана, өмірге деген құштарлығым оянады.

Ариана бірнеше күн бұрын жаңа альбомының соңғы трегіне арнап бейнебаян ұсынған еді. Алайда әншінің «7 rings» клипінің сюжетін, Никки Минаждың «Good Form»-ына ұқсатқандар да табылды.

«Thank u, next» деген атауға ие болған Гранденің бесінші әнжинағы басы-қасы 12 тректен тұрмақ. 8-ші ақпаннан бастап жарық көретін үнтаспаны, жанкүйерлері тағатсыздана күтуде.