«Айка» лентасы Оскардан үмітсіз!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әйгілі «Оскар» жүлдесі көптен күткен үміткерлерінің есімін жариялады. Өкінішке қарай, бұл тізімде қазақстандық актриса Самал Еслямова ойнаған «Айка» картинасы жоқ. Режиссер Дворцевойдың фильмін қандай туындылар шаң қаптырды?

Канн кинофестивалінен жүлдемен оралған «Айканың» Оскардан да дәмесі бар еді. Алайда, айтулы сайыста «Үздік шетелдік фильм» аталымында бақ сынаған картина, үміттілер арасынан табылмады. Сергей Дворцевой болса, бұған дейін берген сұхбатында ең бастысы көпшіліктің ыстық ықыласы екенін жеткізген еді.

Сергей Дворцевой, режиссер:

-Әрине, картинамызды түрлі фестивальдерге жіберіп көреміз. Алайда, бұл маңызды емес. Бастысы лентаның көрерменге жол тартып, халыққа ұнауы.

Есесіне, мәртебелі марапаттың биылғы жаңалығы – «Қара қабылан» картинасы. Аталмыш фантастика сайыстың тарихында – бас жүлдеге таласқан алғашқы кинокомикс атанбақ. Одан бөлек лента «үздік саундтрек», «үздік монтаж» сынды тағы төрт аталым бойынша жарысқа түспек.

Чедвик Боузман, актер:

-Кейде өнер тарихты баяндайды. Ал, кейде өнер тарихты жасайды. Меніңше бұл лента сондай орны ерекше туындылардың бірі. «Қара қабылан» арқылы – әлем Африканы жақынырақ тани түскендей.

«Қара қабыланға» «Ең үздік фильм» аталымында – «Қара нәсілшіл», «Богемдық рапсодия», «Фаворит», «Жасыл кітап», «Рома», «Жұлдыз дүниеге келді», «Билік» туындылары бәсекелес болмақ.

Биылғы жылы Альфонса Куаронның «Ромасы» мен Йоргос Лантимостың «Фавориті» рекорд орнатып отыр. Қос картина 10 аталым бойынша бақ сынайды.

Йоргос Лантимос, актер:

-Лентадағы үш әйелдің оқиғасы көпке ой салуы тиіс. Билікке келген адам өзгенің өмірін қалай өзгертіп, көпшіліктің тағдыры тек қана бір адамның қолында екеніне көз жеткізеді.

Ал, кіл мықты киногерлердің арасынан кімнің оза шабатыны тек «Оскар» салтанатында белгілі болады. Әйгілі марапат ақпанның 24-де өткізілмек.