Крис Браун, «BTS» сынды, жақсы атағымен мақтана алмайды! Хип-хоп орындаушының басы тағы да дауға ілікті. Бұл жолы әнші «зорлау» ісі бойынша, күдікті ретінде тұтқындалған.
Әншінің құрықталуына 24-жастағы арудың сөздері негіз болып отыр. Бикештің мәлімдеуінше, Крис Браун қаңтардың 15-і күні оны қонақүйге шақырып, зорлық көрсетіпті. Одан бөлек, бұл іске өнерпаздың оққағары мен тағы бір ер азаматтың қатысы бар делінген. Ал, тергеу амалдары жүргізілгенше, уақытша теміртордан босап шыққан Крис, өзіне жазықсыз жала жабылғанын айтып ақталуда.
-Бұл өтірік. Тағылған айып менің қызым мен жақындарыма деген құрметсіздік дер едім. Сондықтан, мен мұндай іске ешқашан бармаймын.
Крис Браун бұған дейін де полиция өкілдерінің алдында істі болған. Өнерпазға өткен жылы «зорлау ісіне» қатысы бар деп кінә артылса, оның алдында белгісіз бір әйелге шабуыл жасап, заң алдында жауап бергені бар. Алайда, рэпер әрдайым өзінің ақ екенін айтып, ақталудан жалыққан емес.
Жанкүйерлері болса, әншінің теріс қылықтары Рианнаға қатысты оқиғадан кейін өрши түсті деп топшылайды. Еске салсақ, Крис Браун сүйіктісі Ририді дәл «Грэмми» марапаты алдында соққының астына алған еді.