2019 жылы қазақтың кәсіпқой былғары қолғап шеберлерін – аса жауапты жекпе-жектер күтіп тұр. Олар бәсекесі қызған бокс әлемінде – өз мықтылығын дәлелдей түсуі тиіс. Биыл титулды айқастарға шығатын отандастарымыз кім? Кім бірінші болып әлем чемпионы атанбақ?
IBO-ның халықаралық және WBC-ден Америка құрлығының чемпионы Батыр Жүкембаев наурыз айында, Канадада кезекті айқасына шығады. Ол бүгінде #BoxRec рейтингінде бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша – әлемдегі 2 мыңдай боксшының ішінде 22-орында тұр. Осы жекпе-жегін жеңсе Батыр үшін АҚШ-қа титулды кездесулерге жол ашылмақ.
Осы дивизионда 2018 жылғы 6 айқасының бәрін нокаутпен ұтқан, 20 жастағы талантты Садриддин Ахмедов, 27-қаңтар күні WBC тұжырымының жастар арасындағы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Қарсыласы 13 жекпе-жегінің тек біреуінде жеңілген, азулы мексикалық құрдасы Абрахам Хуарес.
Головкиннің салмағында өнер көрсететін Жәнібек Әлімханұлы 2 ақпанда осы жылғы жорығын бастайды. Оның қарсыласы 22 кездесуінің, 18-ін ұтқан америкалық Стивен Мартинес. Жеңілмеген Жәнібектің еншісінде қазір 4 жекпе-жек пен 1 нокаут бар. Бұған дейінгі 5 айқасын сәтті аяқтаған Данияр Елеусінов те рингке 15-наурызда оралмақ. Ол кезекті майданын АҚШ елінде өткізеді.
WBC-дің жастар арасындағы әлем чемпионы Али Ахмедов, осы тұжырымның жаңа рейтингінде 15-ші орынға тұрақтады. Бұл 13 жекпе-жегі мен 10 нокауты бар отандасымыз үшін 2019 жылы негізгі белбеулерге таласуға зор мүмкіндік. 11-қаңтарда мексикалық Рамон Агинаганы 2 раундта құлатқан Мейірім Нұрсұлтанов, BoxRec тізімінде орта салмақ дәрежесі бойынша 31-ші орынға көтерілді.
Кезіндегі жүктасушы ал бүгінгі бірінші орта салмақтағы WBC Азия чемпионы Нұрсұлтан Жаңабаевтан да ел үмітті. Ол WBC тұжырымының көшінде 39-шы болып келе жатыр. Таяуда ғана WBO Global белбеуін иеленген Айдос Ербосынұлы да BoxRec пайымынша, Қазақстандағы үздік 10 кәсіпқой боксшының қатарына кіреді. Әлі жеңіліс дәмін татпаған Абылайхан Құсайынов пен Бобыржан Момынов та осы тізімде тұр. Қазақ жауынгерлерінен жанкүйерлері биыл да үлкен жетістіктер күтеді.