Алматыда Парвиз әндері жаңаша нұсқада шырқалмақ. Бұл жолы Назаров өз хиттерін отандық шоу-бизнес өкілдерімен, өзгеше стилде орындауға бекінген. Қызу дайындыққа кіріскен әншінің әзірлігі жайлы, толығырақ тілшіміз тарқатады.
Соңғы екі айда Парвиздің әр күні, дәл осы студияда өтіп жатыр. Өйткені, өнер иесі сахнадағы 30 жылдық мерейтойын, Алатау баурайындағы зәулім сарайда атап өтпек. Лайф-бэнд, жанды дауыс және көрермен күтпеген тың дуэттер. Бұл Назаровтың – тыңдарман назарына ұсынатын тосын-сыйларының санаулысы.
Парвиз Назаров, әнші:
-Біз барымызды салып жатырмыз. Менің өнер жолымда бұрын-соңды мұндай концерт болмаған. Бұл жолы шоуды да, сапалы музыканы да және хиттерді де ерекше әсермен тыңдайтын боласыздар.
Концерттік бағдарламаға – жиырмадан астам трек таңдалған. Оның ішінде 15 хит – отандық шоу-бизнестің өкілдерімен орындалады. Парвиздің танымал әндерін, өзара таласқа салған өнерпаздар арасында - «Ринго» тобының асығы алшысынан түсіпті. Бұл бойзбендтің пысық продюсері, Назаровтың жиырма жыл бұрын ел арасында кең тараған туындысын – кеш иесімен орындайды.
«Rin’Go» тобы:
-Осындай жақсы продюсеріміздің барына әрқашан қуанамыз. Себебі, сол кісінің және Парвиздің келісімі бойынша бізге ең керемет, ең бір атақты әндерінің бірі бұйырды.
Бұл кеш – түрлі ерекшеліктерге толы болмақ. Мәселен, осыдан 25 жыл бұрын «Азия дауысы» додасында танысқан Парвиз бен Рүстем Нұржігіттің, бұл шоуда бірігіп шырқайтын орыс тіліндегі әні, қазақы колоритпен көркемделеді.
Рүстем Нұржігіт, әнші:
-«Я целую» атты әні маған ұсынылды, екеуміз айтайық деп. Мен қуана-қуана ұсынысты қабыл алдым. Ән де ұнады... Мен домбырамен шығып, Парвиз ұрмалы бір аспаппен ойнасақ деген, бір ниет бар.
Сондай-ақ, 8-ші желтоқсанда өтетін ретро-кеште – Диана Шарапова, «Мистерионс» тобы және «Үркер» сынды ұжымдар, Парвиз әндерін жаңа өңдеуде тыңдарманға тарту етпек.