Фонограмма жойылсын!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Жанды дауыс – жасасын, фонограмма – жойылсын!» Дәл осылай ұрандатқан қазақ өнерінің аға буыны, сахнада сайдың тасындай іріктелген әншілердің қалғанын қалайды. Ал, әр түрлі сылтау айтқандарды Роза Рымбаева сыбап алды.

Фонограммаға бауыр басқан әнші біткенді, сапа тұрғысынан сұрыптау идеясы – Жеңіс Сейдоллаұлын баяғыдан бері мазалап жүрген мәселе. Десек те, алғашқы қадамының іске асуы да қыр астында секілді.

Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор:

- Фонограммаға тиым салу болады. Бірақ, фонограммамен айтылатын концерттерде, олар әдейі афишаларына жазу керек болады. Немесе фонограммамен қойылатын концерттің бағасы – өте төмен болу керек.

Жеңіс мырзаның әріптестері бұл бастамасын құптағанымен, бірден үйренісу оңайға соқпасын олар жақсы біледі. Бірі ұйымдастырушылардың салғырттығын себеп қылса, енді бірі техниканың әлсіздігін тілге тиек етті.

«Melo’Men» тобы:

-Біз трио, квартет болғаннан кейін, олардың микрофондары бірдей болу керек, әр бірінің микрофонына настройка жасалу керек. Ол жасалмаса, сен айтып тұрған кезде ол дұрыс шықпаса сен халықтың алдында жалған немесе дұрыс емес әнші болып шығасың да!

Әр кеші симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін Роза Рымбаева, жас буынның бұл жауабына қанағаттанбайды.

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

-Неге маған бәрі кедергі болмайды? Мен ауылда да, стадионда да, қалада да, далада да жанды дауыспен бере беремін. Білмеймін, неге екені маған ештеңе кедергі болмайды.

Иә, Роза ханым үшін фонограммасыз ән салу үйреншікті жағдай болса, жанды дауысқа машықтану – өзге өнерпаздардар үшін тез шешілер шаруа емес. Осыдан екі жыл бұрын «Кешью» тобы дәл осылай тығырыққа тірелсе...

Тіпті, фонограммаға ілесе алмаған ресейлік азулы әнші Валерий Меладзе де, көпшіліктің көзінше ұятқа қалған еді.