Нұртас Адамбай «Тақиялы періштені» түсірмек

Сообщить о проблеме с эфиром

Комедиялық туындылардың шебері атанған Нұртас Адамбай, «Тақиялы періште» фильмін қайта таспалауды ойлап жүр. Режиссер пікірінше, жаңартылған классикалық туынды кімге де болса қызық болары сөзсіз. Ал, отандық картиналардың ремейгін түсіруге қатысты, оның әріптестері не дейді?

Нұртас Адамбай әлемдік киносаласында белең алған - «ремейк түсіру» тәжірибесін қолдайтындар қатарында. Режиссер, реті келсе өзі де ескі туындыға жаңа леп сыйлауға қарсы емес.

Нұртас Адамбай, режиссер:

-«Тақиялы періште» картинасын қайта таспалау менің бұрыннан келе жатқан идеяларымның бірі. Лентаны өздігімше түсіріп шығарар едім. Отау құрмаған сүрбойдақтың оқиғасы, бүгінгі заманда қалай болар еді? Меніңше, бұл көрерменге қызық.

Нұртастың киноиндустриядағы бәсекелесі Баян Алагөзова болса, классикалық туындыны қайта таспалауда, сөзге емес, бірден іске көшті. Көп ұзамай, Мақсатқызы продюсерлық еткен «Махаббат бекеті» картинасының ремейгі жарық көрмек.

Баян Алагөзова, продюсер:

-Орал мен Гүлназ соңында бәрібір қосыла ма әлде жоқ па? Бір жағынан Гүлназдың қызы Алманың, есейіп қалғанын да естен шығармауымыз керек. Ал, Оралдың өз отбасы ше? Балалары бар ма? Бұл да көрерменге қызық. Сондықтан, сюжеттің ерекше боларына сенеміз!

Қайта түсірілген фильмнің сәтті шығатынына Динара Бақтыбаева да сенімді. Себебі, актриса дәл осындай картина арқылы өнерге алғаш қадамын жасаған еді.

Динара Бақтыбаева, актриса:

-Мен алғаш актриса ретінде төбе көрсеткен «Он и она» лентасы - «Дряная девчонка» фильмінің ремейгі болып саналады. Режиссерымыз оның сценариін қазақ көрерменіне сай етіп, өзіндік үлгіде шығарды.

Ал, киногерлердің мұндай бастамасына көрермендер де қарсы емес сыңайлы.

Жанар Дұғалова, әнші:

-Мен көрермен ретінде өзім жақсы көретін киноның, ремейгіне қуана-қуана барар едім.