Оқапов анасының сөзін екі етпегенімен, кей сәттерде олардың пікірі бір жерден шықпай жатады. Бұл жолы Роза Рымбаева мен Әли талқыға салған тақырып «той әндері» турасында.
Халық әртісінің қытығына тиетін танымалдардың қатары күн санап көбеюде. Басты себеп – орындаушылардың жеңіл әнге құмарлығы болса керек. Роза Рымбаева енді арнайы көркемдік кеңес «той» мен «сахна» шығармаларын сұрыптаса деген өтінішін айтты.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-Қазіргі әншілердің барлығы, ең бірінші тойға жазады әнді. Сол әнмен сахнаға шығады білмеймін неге екенін. Тойдың әні – тойдың әні болып қалуы керек. Сахнаның әні басқаша болу керек. Өзім солай деп ойлаймын.
Әли Оқапов болса анасының ойымен толықтай келіспейді. Сері жігіт сапалы музыканы қолдағанымен, той арқылы қалтасын қалыңдатып жүрген әріптестеріне түсіністікпен қарайды.
Әли Оқапов, әнші:
-Біріншіден сол табыс қой. Заман осындай... Табыс көзі дегеніміз - ол біздің нанымыз! Көп әншілердің бала-шағасы бар, оны асырау керек дегендей...
Иә, бүгінде #ҚазақтыңТойыБітпесін хэштегін жиі қолданатын жұлдыздардың саны күрт көбейген. Алғашқыда тек ән додаларында бақ сынаған әншілерді қамқорлығына алатын Эрик Тастембеков, бүгінде шоу-бизнестен шаршаған секілді. Серік Гамза-Заде таяуда ұстазының ұсынысымен, репертуарын жап-жаңа той әнімен толықтырыпты.
Серік Гамза-Заде, әнші:
-Бизнесмен болғандықтан ол кісі де ақша келгенін қалайды. Сондықтан да бір тойдың әнін жазсақ қалай болады деп ,сол кісі маған ұсыныс тастады.
Табысқа кенелуді көздеген Тастембеков, кезінде дәл осы тәсілді қол астында қызмет жасаған Сандаға да қолданып көрген-ді. Шәкіртінің кезекті клипіне тек қана тоймэндерді түсіргенімен, танымал продюсердың жобасына деген жұрттың сұранысы арта қойған жоқ.