Асық, Энди Уорхол, күміс түйме...

Сообщить о проблеме с эфиром

KFW Astana апталығының соңғы күні, дизайнерлер арасында нағыз бәскелестік туындады! Шеберлердің бірі күміс түймелерді жарнамаласа, екіншісі менің тұтынушыларым – Қарақат Әбілдина бастаған өнер жұлдыздары деп мақтанды. Сән шарасының қызықтарын тілшіміз толықтырады.

Бұл күні фэшн кешке меймандардан бұрын KFW Astana-ның бренд Амбасадорлары келіп жетті. Әділ Лиян, Қорлан Мәди, Динара Сәтжан бастаған өнер өкілдеріне Crystal AG брендінің атынан сыйлықтар табысталған еді.

Ал, шараның шымылдығын Латвиядан арнайы келген Baronessa Demi-Couture бренді түрді. Киімдердің көптігінен бұл KFW тарихындағы ең ұзақ көрсетілім ретінде ел есінде сақталмақ.

Марта Берзкалн, Baronessa Demi-Couture (Латвия)брендінің дизайнері:

-Біздің үлгілердің элементтері, мысалы түймелердің өзі күмістен жасалған. Сондай-ақ топтамада, 4500 мың кристал қолданылып тігілген белдемшелер де бар.

Шетелдік шебердің бұл сөздерін естіген отандық сәнгерлер де, өз үлгілерінің ұтымды тұстарын айтып өтті. Мәселен, Гүлнәр Қасым қымбат шикізатпен емес, жұлдызды тұтынушыларыммен мақтана аламын дейді.

Gulnara Kassym, дизайнер:

-Менің коллекциямның аты - «Аққулар көлі». Оның аты айтып тұр ғой, нәзіктік. Өте нәзік маталар қолданылды. Менің киімдерімді жұлдыздар да киеді. Тұрақты тұтынушы ретінде – Қарақат Әбілдинаны айта алмын, Айнұр Тұрсынбаева, Гүлбаршын Заирова.

Алайда, аталған өнер өкілдері сүйікті сәнгерін осы кеште қолдауға келмеді.

Сән мерекесінде ерек талғамымен таңқалдырғандардың бірі - Жанар бренді болды. KFW-да дебютант атанған марка, қазақтың асығын топтамасына негіз етіп алған.

ZHANAR, дизайнер:

-Көріп отырғандарыңыздай, асық – біздің брендіміздің бетбейнесі. Бұл жолы топтамамды Энди Уорхол шығармашылығына арнадым. Сондай-ақ, көрсетілім барысында, поп-арт суретші продюсерлық еткен The Velvet Underground тобының әні шырқалды.

Қос мәдениетті біріктірген Жанардың бұл бастамасы, өзге елден келген дизайнерлерге ұнағандай. Қазақстандықтарға киімдерін ұсынған Lananо, Akaranyan, Lena Lumelsky маркалары отандасымыздың арқасында, ұлттық ойынымыз жайлы естіп-білді.