«Аквамен» картинасына түсіп, аталмыш лентаның тұсауын кескен Эмбер Херд, кинодағы образымен қош айтыса алмай жүрген сыңайлы. Джейсон Момоамен бірге премьераға қатысқан актриса, нағыз «Атлантида патшайымы» кейпінде келіп, тағы да ел аузына ілікті.
Эмбер Херд таңсықтау киімдерімен көзге ілінуден жалығар емес! Күні кеше «Акваменнің» Қытайдағы премьерасында ашық образымен елді шулатқан актриса, тағы да талқыға түсті. Өнерпаз, бұл жолы Лондондағы кешке картинадағы кейіпкері - су патшайымын еске салатын Valentino-ның әсем көйлегінде келді.
Джонни Дептің асыл жарына қарағанда, қызыл кілемде төбе көрсеткен Джейсон қарпайымдылық танытқысы келгендей. Ерек образ таңдамаса да, мінсіз мүсінді Момоа – сөзсіз кеш жұлдызына айналды.
Еске салсақ, жаңадан тұсауы кесілген «Аквамен» картинасы – DC Comics пен Warner Bros. Pictures бірлесе ұсынған алтыншы туынды саналады. Лента су астында өмір сүре алатын суперқаһарман Артур Карри хикаясын суреттейді.
Джейм Ван, режиссер:
-«Аквамен» – комикстағы жұлдызды кейіпкер жайлы лента болғанымен, оның өзге суперқаһармандық фильмдерден аздап ерекшелігі бар. Біз қалыпты сюжетты жаңғырттық. Бұл әдеттегі фантастика емес, енді «Акваменнің» шытырманға толы жеке хикаясы дер едім.
Су астында тыныс алу, балықтармен сөйлесу сынды қасиеттерге ие – Атлантида патшайымы ұлының образын сомдау, Джейсон Момоаға тапсырылған болатын. Алайда, картинадағы шытырман сәттердің көптігінен, киногерлерге қосымша мамандарды жалдауға тура келген.
Джейсон Момоа, актер:
-Трюктер жасау әрі кадрда да әсем көріну оңай емес. Сондықтан, арнайы адамдардың көмегіне жүгіндік. Оның үстіне, жарақат алып қалсам, бүкіл жұмыс тоқтайтын еді.
Шытырманға толы аталмыш қиял-ғажайып туындыны, отандық көрермен 20-желтоқсаннан бастап үлкен экрандардан тамашалай алмақ!