Астанадағы фэшн-уиктің шымылдығын түрген Динара Сәтжан, аруларды таңқалдырудың жолын таба алмай жүр! Тың топтама ұсынған дизайнер ел назарын аудару мақсатында, сахнаға сәнбикелермен қатар тіпті әншіні де шығарған еді. Ал, Динараға бұл күні ең мықты шетелдік шеберлер бәсекелес атанды.
Мадина Дәулетқызы, тілші:
-Сән апталығы елордамыз – Астана қаласына да келіп жетті. Фэшн уиктің алғашқы күні – 9 дизайнер өз топтамасын таныстырмақ. Олардың арасында Италия, Аустралия, Грузиядан келген шеберлер де бар. Олай болса, туындыларды бірге тамашалайық!
Crystal AG компаниясының серіктестігімен ұйымдастырылған сән апталығында, алғашқы болып киімдерін таныстыру мәртебесі – Динара Сәтжанға бұйырған еді. Дизайнер бұл жолы өзінің сүйікті «мақпал матасынан» бас тартқандай.
Динара Сәтжан, дизайнер:
-Бұл коллекциямды мен үш стильде жасадым. Өйткені мен жас дизайнермін ғой, менің брендіме бір жыл ғана. Сол үшін мен қазір ойланып жүрмін, қандай стильде жұмыс істеймін деп. Тағы бір жаңалық Рустем Нұржігітпен.
Осылайша, Рүстем Нұржігіт су жаңа әнінің тұсауын подиумда кесті. Алайда, бұл жаңашылдық грузиялық шебердің көрсетілімінің көлеңкесінде қалғандай. Тико Небиеридзе спорт пен сән тақырыбын сахнада ұштастырды.
Тикодан өзге, Италиядан келген Minavara сән үйі мен австралиялық Bronx&Banco бренді де Kazakhstan Fashion Week Astana-ның қатысушылары қатарында.
Natalie DeBanco, «Bronx&Banko» брендінің дизайнері:
-Коллекциямды «Havana Night» деп атадым. Үлгілерімде гүл принті мен жылтыр матаны көптеп байқауға болады.
Отандық шеберлер болса, шетелдік әріптестерімен салыстырғанда ою-өрнек пен ерекше жазулар арқылы көзге түсті. Дәл осылай, ұлттық нақышты паш еттік дейді сәнгерлер.
Nuri Ryskulova, дизайнер:
-«Нағыз модный» ол шала қазақ тілінде. Бір күні құрбым мені көріп «нағыз модный» болып келіпсіңғой деді. Сол сәтте, дәл осы сөзді қолданып неге топтама шығармасқа деген ой келді.
Иә, киімдерін «нағыз сәнді» үлгілерге айналдырғысы келген Нуридің туындылары көпке ұнағандай.