Дәл бүгін шетелдік орындаушы Рита Ораға, жақындары жылы лебіздерін жарыса жаудыруда! Өнерпаз ару 28 жасқа толды. Алайда, меншікті мерекесі қарсаңында ең қымбат сыйлықты әнші өз тыңдармандарына жасаған көрінеді.
Хит әндерімен талай чарттардан табылған Рита Ораның, бүгінде тыңдамайтын жан кемде-кем. Алайда, әнші арудың жетістігіне ең алғаш септігін тигізген Крэйг Дэвид еді. 2007 жылы қос орындаушы Awkward туындысына бейнебаян таспалап, трек халықтың ілтипатын бірден жаулады.
Дуэт көптің көңілінен шыққан соң, өнерпаздар тағы бір «Where’s Your Love» синглын орындады. Содан кейін ғана, Рита жеке шығармашылыққа бет бұрды. Мәселен, 2011 жылы Ораның DJ Fresh-тің музыкасына жазылған Hot Right Now туындысы жарық көрген еді. Аталмыш трек 2 айдың ішінде UK Singles Chart-тың көшін бастады.
Ал, өзінің дебьюттық альбомын – Рита небәрі 22 жасында жазып шығарды. «Ора» атты әнжинағы өнерпаз сұлудың Will.I.Am, Дрейк, The-Dream, Канье Уэстпен орындаған тректерінен тұрады.
Сондай-ақ, жас талант киносаласында да бағын сынауда тартынған емес. «Форсаж 6», «Сұр түстің 50 реңкі» картиналарында Рита Ораны байқап қалсаңыз еш таңқалмаңыз.
Араға алты жыл салып, британдық өнерпаз тыңдармандарын туған күні қарсаңында қуантуды көздегендей. Әнші өзінің «Феникс» атты екінші альбомын жарыққа шығарды. Рита Ора су жаңа туындысына қатысты «Бұл әнжинақ менің жақындарым мен жанкүйерлеріме деген махаббатың нәтижесінде дүниеге келді» деп сипаттама берген.