Newton-дық жігіттер бірнеше айға созылған ән сапардан оралды. Қазақстанның он шақты қаласында өнер көрсеткен мемберлер, түрлі қызықты оқиғаларға тап болған. Тіпті, бойзбендке кей өңірдің халқымен тіл табысу қиынға соққан екен.
Newton тобы сахнадағы бір жылдығының құрметіне, Қазақстанның әр аймағын концерттік бағдарламасымен аралаған еді. Осылайша, мемберлер өз жанкүйерлерін қуантып қайтты. Алғаш рет еліміздің бірнеше қаласына сапар шеккен жігіттер, ерекше әсермен оралған.
Newton тобы:
-Қиындықтар өте көп болды. Әр қала бізге ерекше болды. Әр қалаға бірінші рет барғаннан кейін, біз сол жердің адамдары қандай, халқы қандай екенін білмейміз да. Ең бастысы сол – қиын болды.
Алматы қаласында соңғы ән кешін өткізген Newton-дық серілерге, дәл осы тур өз пайдасын да әкелген көрінеді. Жігіттер алыс жолдың арқасында бір-бірімізді қадірлей түстік дейді.
Newton ұжымының қуанышына ортақтасуға өнердегі әріптестері де келді. Талантты жас өнерпаздар сахнадан тыс өмірде достық қарым-қатынаста екен. Бір-бірімізді қолдау парыз дегендердің бірі – EQ тобы.
EQ тобы:
-Әрбір Q-pop өкілін қолдаушылармыз, себебі біз бір бағытта, бір жанрда, бір мақсатпен жүрген адамдар болғаннан кейін, бір-бірімізді әрқашанда қолдауымыз керек. Q-pop – бұл ауызбіршілік соны дәлелдеу үшін келдік.
EQ-ліктер Newton тобын сахнада бәсекелес көретінін жасырмайды. Музыканың дамуына оң әсер ететін фактор осы дейді жігіттер.
EQ тобы:
-Ешқашан да адами тұрғыда бәсекелестік болмауы керек, тек қана өнер барысында. Яғни, кімнің өнері басым сол адамнан озу. Себебі бұл сапалықты алып келеді.
Ән мерекесінде тыңдармандарымен қосыла ән шырқаған Newton-дық бойзбенд, енді жаңа бейнебаянның дайындығына қызу кіріспек.