Алуа Қонарова тек қазақша сұхбат бермек.

Сообщить о проблеме с эфиром

Орыс тілді ортада өскен Қонарова, осы уақытқа дейін ешбір жерде қазақша сұхбат бермеген екен. Өйткені өнер иесі камера қосылса – қобалжитын көрінеді. Десек те, қиындықты жеңетін кез келді. Алуа ханым алғаш рет ана тілінде ағынан жарылды.

Алуа Қонарова, продюсер:

-Мен қазақша жақсы сөйлеймін. Жаман емес. Бәрін түсінемін. Бірақ мен сол камераны көрсем, кішкене қобалжып қазақ сөздерін ұмытып қаламын. Негізі мен бала кезімде мен тек қана қазақша сөйлегенмін. Ауылда әжемнің қолында өскенмін ғой.

Әжесінің қызы қалаға келгелі қазақ тіліне шорқақтау болып өседі. Өйткені, музыкалық мектепте орыс сыныбында білім алыпты. Қазір олқылықты оңалтудың жолын тапқан Алуа, арнайы курсқа жазылып, бір жылдан соң өз тілінде таза сайрайтынын айтып, серт берді.

Алуа Қонарова, продюсер:

-Курсқа барайын деп жатырмын. Бірақ менің әртістерімнің бәрі менімен қазақша сөйлеседі. Мен де оларменен қазақша сөйлесемін. Иншалла, солай болсын.

Айтпақшы, Санжар Мәди де мемлекеттік тілді меңгеру мақсатында арнайы мамандардан сабақ алған. Бірақ уақыттың тығыздығы актердың жоспарына кедергісін келтіріп жүрсе керек.

Санжар Мәди, актер:

-Әзірге көңіл қуантарлықтай нәтиже болмай тұр. Өкінішке орай, ұстазбен отырып тілді үйренуге уақыт тапшы. Бірақ қызыммен тек қана қазақша сөйлесеміз. Ол маған қарағанда әлдеқайда жақсы меңгерген. Бір жылдан кейін қазақ тілінде сұхбат беретін шығармын.

Динара Сәтжан қазақы отбасында туғанымен, орыс тілді ортада өскенін айтады. Бұрындары ана тілінде көп ашыла бермейтін бикештің, қазір қазақшасы әлдеқайда жақсарған.

Динара Сәтжан, тележүргізуші:

-Иә, әрине сезінемін. Талпынамын. Менің ойымша бір жылдан кейін қазақша сұхбат алатын шығармын деп ойлаймын..

Сондай-ақ, Сәтжанның құрбысы Баян Алагөзованың да соңғы кездері ана тіліне аңсары ауып жүр.

- Бәріңізге сәлем! Бүгінгі күн тек қана қазақша сөйлейтін күн. Қызымыз екеуміз күні бойы тек қана қазақша сөйлеп жатырмыз!