Әлеуметтік желідегі ағыл-тегіл пікір жазушылармен күресуге қауқарсызбын! Дәл осылай мәлімдеме жасаған Жұлдыз Өмірғалидың, соңғы кездері жүйкесі сыр беріп жүр. Бұған адамдардың өзіне айтқан жаман сөздері себеп болса керек.
Айқынмен қосылғалы бері, Жұлдыздың желідегі жеке парақшасында жазба қалдыратындар саны екі есеге көбейген. Олардың басым бөлігі, Өмірғалидың шығармашылығы емес, жеке өміріне қатысты айтылған сын-пікірлер.
Жұлдыз Өмірғали, әнші:
-Маған көп адамдар пікір жазады. Сол комментарий, пікірлер жазған кезде көптеген адамдар мені түсінбей, қарғап жататын кездер болады. Сол жаман сөздер жазады. Оның барлығы менің жүрегіме әсер етеді, шаршадым.
Сүйектен өткен сөздер соңғы кездері жүйкесіне әсер етіп жүргенін әншінің өзі жасырмайды. Жұмыстан шаршап келгенде, жазбаларды оқып жылап алған сәттерім де болды дейді ол.
Жұлдыз Өмірғали, әнші:
-Ойымыз өзгерді деген адамдар бар араларында. Бірақ, кейбіреулері «бәрібір түбі оңбайсың, болмайсың, қызың туылса басыңа келсін, өліп қал, көз жасына қалып қал, сөйтіп қал, бүйтіп қал» деп, мені көме салатын жағдайға жеткізді.
Лағынет айтқандардың көптігінен, Жұлдыз өзін ренжіткендерді заң алдында жауапқа тарта алмай отыр. Мұндай шарасыздыққа, кезінде Мақпал Исабекова да тап болған еді. Жұрттың жаман сөздерінен шаршады ма, әйтеуір әнші инстаграм парақшасын өшіруді жөн санапты.
Актриса Айнұр Ілиясова да, жақында желіден жоғалып, оқырмандарын елең еткізген еді. Алайда, бұған өзіндік себеп бар екен.
Айнұр Ілиясова, актриса:
-Менің инстаграмымды біреу бұзды. Білмейм енді, не істегісі келді. Мен қаншама инстаграм басшыларына жаздым хат. Бірақ ешқандай дұрыс жауап келген жоқ. Сондықтан хакерлерге жүгініп, аз-маз ақша беріп, инстаграмымды қайтарып алдым.
«Ал, желідегі жазбаларға келер болсам, жағымсыз пікір қалдыратындарға барынша көңіл бөлмеуге тырысамын» - дейді, Айнұр.