Күні кеше шоу-бизнестегі сүрбойдақтардың саны бір жігітке кемісе, қалыңдық атанған арулардың да қатары артты. Бір қызығы, дүбірлі тойдың басты кейіпкерлері Алуа Қонарованың қос шәкірті. Олар «Ринголық» Батыр Байназаров пен «Аюмилік» Әсел Жамақаева.
Қонарова басқаратын ұжымда ұлан-асыр той! Продюсер жетекшілік ететін «Ринго» төрттігінің мүшесі Батыр Байназаров, дәл осы орталықтағы гелзбендте ән салған Әсел Жамақаеваның өмірлік жары атанды. Алуа ханым, осы уақытқа дейін шәкірттерінің махаббат хикаясы жайында жұмған аузын ашпағанымен, «Аюми» тобының тарауына дәл осы жұптың шаңырақ көтеруі себеп болғанын аңғаруға болады.
Алуа Қонарова, продюсер:
-«Аюми» ұжымындағы бір қыздың тұрмысқа шығуына байланысты, топты таратып жатырмын. Өз басым құрамды қайта-қайта өзгерткенді ұнатпаймын. Бастысы олар біздің продакшнда жұмысын жалғастыра береді.
Мәселен, Ақназ ұстаздыққа бет бұрса, Сандуғаш жеке әншілікті қолға алып, Назым орталықта хореграфтың қызметін атқарады. Алайда, Алуа ақ келін атанатын арудың атын айтпаса да, Әселдің сол сәттегі жауабында бір сырдың жатқаны іштей сезілген еді.
Әсел Жамақаева, «Ayumi» тобының әншісі:
-Менің де жағымды жаңалықтарым бар. Бірақ, оны дәл қазір айта алмаймын. Уақыты келгенде бірден дүйім жұрттан сүйінші сұрайтын боламын.
Ал, ақ құсын қолына қондырған Батыр, жуырда бізге берген сұхбатында жақсы жаңалықтың боларын айтып, болашақ жарына қояр талаптарын да тізбектеп берген-ді!
Батыр Байназаров, «Rin'Go» тобының әншісі:
-Адамгершілігі мол болуы керек. Менің ата-анамды сыйлай білетін ақылды қыз болуы керек деп ойлаймын. Жақын уақытта білесіздер енді. Қазір айта алмаймын.
Батыр бойдақтың өмірмен қош айтысты! Ендігі кезек «Ринголық» Даниярда.
Данияр Өтеген, «Rin'Go» тобының әншісі:
-Өзекті сұрақ деп айтуға болады. Құдай қаласа! Құдай қаласа, бір сенбі күні болып қалар!
Әселдің ұзату тойы Семей шаһарында өткен. Екі жастың қуанышына «Ринго»
орталығының өнерпаздарынан бөлек, Әли Оқапов, Мақпал Исабекова, Ақерке Бүркітбай, Диас Аблаев сынды әншілер ортақтасып қайтқан.