Гүлзира ханымды Қайрат Нұрастың анасы, шоу-бизнестегі пысық продюсер ретінде жақсы білеміз. Ал, ол отбасында қандай ене? Айдарбекованың ұлдары мен келіндеріне қояр қатаң талаптары қандай?! Көпшілік көкейіндегі сансыз сауалдарға, Жұлдыз Әбдікәрімова жауап береді.
Құшақ-құшақ гүлдер, ағыл-тегіл ақ тілек, бұрын-соңды ашылмаған сырлар! Жанұясын жанына жиып, шоу-бизнестің бар жақсысының басын қосқан Айдарбекова, ел алдында елу жылдық мерейтойын өткізді. Продюсер меншікті мерекесін «Гүлзира ханшайым 25+25!» деп атапты.
Бұл күні Қайрат пен жұбайы балаларын бас қалаға қалдырып, Алматыға өздері ғана арнайы жетіпті. Осы уақытқа дейін, отбасылық жиын-тойда көпшілік көзіне көрінбей келген Жұлдыз, бұл жолы белсенді түрде қызмет етіп жүр...
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Тойда қандай қызмет атқаруға мүмкіндік бар. Соның бәрін біз істеуге тырысып жатырмыз.
10 жылдан астам ене мен келіннің сыйластығын сырттай бағамдап жүрген Қайрат, олардың өзара қарым-қатынасын әркез оң бағалаймын дейді!
Қайрат Нұртас, әнші:
-Ойй, өздері күшті бұлар. Жақсы сырласады. Кей кезде екеуі мені жеп қояды. Жұлдыз енді біздің үйге келін емес, өздерінің қыздары секілді. Себебі менің қарындасым болмаған. Сондықтан мамам екеуінің арасындағы әңгімесі жарасымды.
Ал, елуді еңсерген жұлдызды ененің, ұлдары мен келіндеріне қояр жалғыз ғана талабы бар!
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Менің көзімше ешуақытта ұрыспаңдар. Ұрысатын болсаңдар, жатын бөлмеге барып өздерің ұрысыңдар деп айтамын. Сондықтан, да ең бірінші сыйластық пен адамгершілікті қатты талап етемін.
Айдарбекова, адамгершілікті биік қойғанымен, продюсердің ту сыртынан тон пішіп, кереғар пікір білдіретіндер баршылық екен. Ал, көпшілік көкейіндегі кей күдікті сейілтуге, келіні Жұлдыздың мына жауабы себеп болмақ...
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Қатал, түрі суық екен деп... Оның бәрі сырт келбет, сырт көз! Әрбір адам өзінің ойын айтуға құқылы, әрине. Бірақ та оны келіні ретінде мен ғана білемін. Оның қандай адам екенін. Мен үшін енем туған анамдай.
Енесі 50-ге толған түні, Жұлдыздың да туған күні! Қайраттың төрт баласының анасы, 30 жасқа келді.