Осы күндері Қайрат Түнтеков Республика сарайында өзінің жеке концертін өткізуі тиіс еді. Тіпті, кештің арнайы бағдарламасы да әзірленіп қойған болатын. Алайда, әншінің дегені орындалмады. Неліктен? Өзінен сұрап көрейік.
Қайрат Түнтеков, әнші:
- Үлкен шоу-концерт болады. Ол жерде мені басқа образда көресіздер. Еуропаның стандартымен істегім келіп жатыр концертті. Енді әрине жанды дауыс ол бір, шоу ол екі.
Ел естімеген тамаша кеш өткіземін деп көпшілікті сендірген Қайрат Түнтеков, өкінішке қарай өз сөзінде тұра алмады. Алайда, әнші берген уәдемнен тайып кетуімнің лайықты себебі бар деп ақталуда.
Қайрат Түнтеков, әнші:
-Бір жағдайлармен, оның үстіне естідіңіздер шетелге кетіп бара жатырмын. Мені Қытай шақырып отыр, Қытайға кетудің себебімен, концертті күзге ма, сәл тоқтата тұрамын. Өйткені, сол жақта жұмыстарым бар жұмыстарым шығып жатыр.
Димаш Құдайбергеновтың ізімен Қытайға барып, бағын сынау үшін әнші Максим Фадеевтің ұсынысынан да бас тартыпты. Шығармашылық жолда өнерпаздың өз ішкі есебі бар.
Қайрат Түнтеков, әнші:
Рейтінгі жоғары проектер көп. Мысалы сол жақтың «VOICE» сияқты мысалы Қытайдың. «Қазақстан дауысы» сияқты «Қытай дауысы» деген бар ғой. Мүмкін соған қатысып қалармын. Мүмкін клип те түсіремін. Бірақ сонда боламын.
Сәуір айында шетелге аттануды жоспарлаған Түнтеков, бұл күндері қол қусырып отырған жоқ.
Қайрат Түнтеков, әнші:
- Үнтаспа жазылып жатыр. Оның ішінде жеті-ақ ән болады. 7-8 мүмкін. Заманауи стильде. Өзімнің бір жаңаша қырымды көрсеткім келеді, жаңа стиль көрсеткім келеді.