«Қайрат» футбол клубының ардагерлері өнер иелерінен құралған «Алатау» командасын ойсырата ұтты
10.05.2017
Кезіндегі «Қайрат» футбол клубының және КСРО жоғарғы лигасының үздік шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди атындағы академия Алматыда ашылды. Бұл жерде қайраттық жас буын ала доптың қыр-сырын үйреніп, ел футболының келешегі болуға ұмтылмақ. Олар қазірдің өзінде бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, бірінші лиганың жеңімпазы, республикалық кубоктің иегерлері.
Евстафий Пехлеваниди, «Қайрат» ФК ардагері:
– Менің атым академияға беріледі дегенде қатты толқыдым. Құрметке мың алғыс! Қазір мен Грекия елінің азаматымын, сонда еңбек етемін. Бірақ, туған жерім Қазақстан. Менің тұлға болып қалыптасқан жерім осы ел. Қайраттың жаңа буынынан мықты футболшылар шығады деп сенемін.
Академияның салтанатты ашылу рәсімі ресми құттықтаулардан кейін жасыл алаңдағы тартысты матчқа ұласты. Қарсыластар - «Қайраттың» ардагерлері мен өнер иелерінен құралған «Алатау» аяқдопшылары. Жолдастық кездесу болса да, екі тарап намысты қолдан бергісі жоқ. Қиқулаған көрермендер қатарында атақты ресейлік кәсіпқой боксшы Денис Лебедев те бар.
Денис Лебедев, WBA, ІВF тұжырымы бойынша әлем чемпионы:
– Ардагерлердің ойынына қызығудамын. Қимылдары ширақ, пастары нәтижелі. Олар ұтады деп ойлаймын және соларға жанкүйермін. Өзім футболды қатты ұнатамын. Алматыда келесі жекпе-жекке дайындалып жатырмын. Дегенмен, уақыт тауып көруге арнайы келдім.
Лебедев секілді жұлдызды жанкүйердің алдында мен қырық жылдық тәжірибесі бар футбол ардагерлері жығылмады. Олар танымал жігіттерден құралған «Алатауды» бірінші таймда-ақ тықсыра бастады. Ринголық Аянның матч туралы пікірі мынадай.
Аян Бірбаев, «Ринго» тобының орындаушысы:
– Олар жүгіріп жүрген жоқ. Әркім өз орнында. Ешкім өз орнын бос қалдырмайды. Біреу кетсе, екіншісі оның орнын жауып отыр. Бізде ондай система жоқ. Біріншісі жүгірсе, екіншісі айдалаға қашып кетеді.
Елуден асқан ел ағаларының көпті көрген қуаты мен орда бұзар жігіттердің жігері таразыға түскенде тәжірибе төрешіге айналды. Футболды өмірлік ісі еткен «Қайрат» ардагерлері бірінші таймда жауапсыз қос доп соқты.
Құралбек Ордабаев, «Қайрат» ФК ардагері:
– Қайрат футбол ардагерлерінің жастары елуден алпысқа таяп қалған. Жігіттерге қарағанда біздің жұлдыздардың жастары өте жас балдар. Соған қарамастан олар жақсы ойнап жатыр. Олардың тәжірибесі, тактикасы, футболға деген көзқарасы өзгеше.
Матчтың екінші жартысында да «Алатау» қақпашысы екі доп жіберді. «Қайрат» ойыншылары тиянақты қозғалып, дәл пас беру арқылы айқын жеңісті қанжығалады. Есеп 4-0. Ұтылған өнер өкілдерінің өз ағаларына өкпесі жоқ. Бірақ келесі жауапты сайыстар алдында үлкен сабақ алдық дейді «Алатау» капитаны.
Мұқасан Шахзадаев, әнші:
- Ойынды ойын деп айтуға болмайды. Қайраттың ардагерлерімен ойнау бала күнгі арманымыз ғой. Әрине сабақ болады балдарға. Ойын біткен соң жігіттермен сөйлесеміз, оның бәрі айталады.
Евстафий Пехлеваниди атындағы футбол академиясының жеткіншектері ертең теңбіл доп тебер жарқын жұлдыздарға айналарына ел сенеді. Себебі, клубтың бай тарихы мен оның мәртебесі жас қайраттықтарға қосымша күш-қуат.