Головкин әлемдегі ең табысты боксшылар тізімінде 2-ші орынды сақтап қалды
04.05.2017
Атақты Forbes журналының сайтында жер бетіндегі қазіргі ең табысты боксшылардың тізімі жарияланды. Головкин бұл рейтингте өзінің екінші орынын сақтап қалды. Былғары қолғап шеберлерінің салмақ дәрежесіне қарамай түзілетін бұл кестеде Гена көшбасшылар сапында. Себебі, оның кірісі әр жекпе-жегі сайын өсумен келеді.
Салмақ дәрежесіне қарамай жасалған әлемдегі табысты бокшылар тізімінде Головкиннің екінші орынды сақтап қалуы заңдылық. Ол Джейкобспен болған соңғы жекпе-жекте 2,5 млн АҚШ долларын алды. Бірнеше чемпиондық белбеу иегері Геннадийге алпауыт компаниялар ақшасы мол жарнамалық келісімшарттар да ұсынады. Осылайша GGG кіріс қоржыны мен табыс әкелe әлеуеті жоғары боксшы рейтингінде көшбасшылаh санатында.
Бұл тізімнің үздігі Генаның қолғап түйістірмеген басты қарсыласы Канело Альварес. Мамандардың болжамынша мексикалық пен қазақстандық жұдырықтасар болса, әрқайсысы кемінде 10 млн доллардан пайдаға кенелмек. Головкин «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында Джо Сондерспен
өтеді делінген кездесуден бас тартты. Ол қыркүйекте рингке Альвареспен шығуға үмітті және бар күшін соған сақтауға ниеттенген. Қазір қызу дайындыққа кіріскен Генаның командасы болса келіссөздер жүргізуде.
Канелоның командасы Головкинмен өтуі ықтимал жекпе-жек хаһында тіс жармады. Альварес мамыр айының 6-сы күні өз отандасы Хулио Чавеспен жұдырықтасады. Миллиондаған жанкүйерлер күткен жаңалықтың тағдыры осы кездесуден соң белгілі болмақ. Альварес бұл айқаста ұтылып жатса, Генамен кездесуден бас тартатынын мексикалықтың промоутері ашық айтқан болатын.
Әлемдегі ең табысты боксшылардың үздік үштігін қорытындылап тұрған Энтони Джошуа. Ол Владимир Кличконы нокаутқа түсірген соң, бұл тізімде бір сатыға көтерілді. Төртінші болып тұрған Андре Уорд. Forbes журналы түзген табысты былғары қолғап шеберлерінің тізімінде Кличко, Ковалев, Турман, Ломаченко, Пакьяо секілді бокс жұлдыздары да бар.