АҚШ-та бизнес жасап, мансап құрудың құпиясы қандай?
03.05.2017
АҚШ-та бизнес бастаймын деген жанға шектеу жоқ. Тек, мықты бәсекелестер арасынан сытылып алға шығып, шаруаның көзін таба алсаң болғаны! Бір кездері елден кетіп, мұхиттың арғы жағында ісін өрге дөңгелеткен қандастармен әріптесім Әділ Лиян жүздесті.
Дәмді, әрі құнарлы ас-ауқатқа әуес Америкалықтарды елең еткізер жаңашылдық ұсыну - Жәнібек Ғаббасовтың мұхит асқалы арманы болғанды. Сондықтан, нарықты түбегейлі зерттеп, бұрын-соңды ұсынылмаған тағам түрлерін жасайды. Расында, ойы жүзеге асып, әпкесі екеуі ашқан шағын дәмхананы адам аяғы үзілмейтін орынға айналдыра алған.
Жәнібек Ғаббасов, ресторатор:
– Біздің жасаған вафл-догты Нью-Йорктен таба алмайсыз. Бірегей болуға талпындық. Сондықтан да, тауық етін ерекше маринадпен ұсынып, ас мәзіріне салаттардың жаңа түрлерін қостық. Мұндағы жүйеде жемқорлыққа мүлде орын жоқ. Заң аясында құжаттарыңды реттеп алсаң, мемлекеттік органдардан ешқандай наразылық болмайды.
Бизнесті жолға қою сырт көзге түкке тұрғысыз көрінгенімен, талай қиындықты еңсеруге тура келген. Бастысы, қызметкерлермен тіл табысып, командалық жұмыс атқалырса – мүның өзі жартылай жеңіс дейді, отандасымыз.
Жәнібек Ғаббасов, ресторатор:
– Қоластыңдағыларға ерекше құрмет көрсетіп, олардың жағдайын жасай алғанда ғана кәсібің алға жылжиды. Бизнестегі қарым-қатынас жайлы ұзақ зерттеп, қажеттісін іс жүзінде қолдануға тырыстым.
Қазақстандық фотограф Аркен Аванның да жолын кездескен қиындықтар жетіп артылады. Әуел баста, «Maroon 5»-тың концертіне билет үтып алып, The Big Apple-ге тұңғыш табан тірегенді. Кейін, бір жола қоныс аударуға бекінген. Ббастапқыда саябақтарда түнеп, метро стацияларын паналауға тура келген. Кейін, Аркен жедел тағам жеткізу орталығына жұмысқа орналасады.
Аркен Аван, фотограф:
– Алматыда заңгердің көмешісі болып қызмет атқарып, тұрмыстың қиындықтарынан бейхабар едім. Мұнда келгесін маған велосипед беріп, тамақ тасы деген талап қойды. Жанбағу үшін көндім. Мәселен, Алматыда сенің қай салада жұмыс істейтініңе баса назар салады. Ал Нью-Йоркте кез-келген еңбек жоғары бағаланады.
Тіл меңгеріп, америкалықтардың көзқарасын ұғынып, қоғамға сіңісе бастаған тұста, Аркен жан қалауындағы істі тапты.
Аркен Аван, фотограф:
- Күнделікті кешкісін Таймс Скверге барып, ғашықтарды фотоға түсіремін. Қалаған жан өз суретін сатып алады. Екі сағаттың ішінде 1300 доллар табыс табуға мүмкіндік бар. Барлық қажеттіліктеріңді өтеу үшін, 4000 долларға дейін қаражат табуың керек. Бір-екі айда атақты, байқуатты болып кету деген түсінік жоқ. Бәрі де өз ретімен келеді.