Алматы зообағы тау арыстанымен толықты!
02.05.2017
Алматы хайуанаттар бағындағы жануарлардың тізіміне енген кішкентай тау арыстан өткен жылдың қыркүйек айында Қарағандыда туылған. Жақында ғана Алматыға ауысқан тарғылдың есімі - Хангира! Жыл басында мына қос қонжық дүниеге келгенде, зообақ қызметкерлерінің төбесі көкке жетердей қуанған.
Ержан Еркінбаев, Алматы зообағының директоры:
- Сондай-ақ, Душанбе қаласындағы зообақ басшылығымен келіссөздер жүргізіп, қосмекенділер мен құстардың бірнеше түрін алмастырдық. Мұндағы мақсат Алматыдағы жануарлар бағын жаһанға жарнамалау.
Алматы зообағының есігіне жаңа басшы енгелі, жасыл желекке оралған зообақ жағымсыз иістен арылып, келушілердің көңілінен шығып отыр.
- Жағдайы жақсы. Тазалығы бар, жануарлар көбейіп жатыр.
- Таза! Аралап көріп жатырмыз. Әлі толық көрген жоқпыз.
Зообақ басшысы жануарлар азығының сапасын қадағалап, олардың денсаулығын да басты назар ұстамақ.
Ержан Еркінбаев, Алматы зообағының директоры:
- Біз дәл қазір ветеринарлық клиниканы қайтадан жаңартуды жоспарлап жатырмыз. Өйткені, ескі базаның іргетасы өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қаланған. Ал, жануарлардың денсаулығын жіті қадағалау үшін, барлығы талапқа сай болуы тиіс.
Ал, мынау Алматы зообағындағы әйгілі аюға арналған аймақ! Бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан алаңда Алькор үшін, арнайы бассейн, демалыс бөлмесі әзірленіп жатыр. 28 жастағы ақ аю жаңа орынға жаз мезгілінің қарсаңында жайғаспақ!