Мәдениет және спорт министрі «Алтын адамды» Қазақстанның жаңа брендіне айналдыруға шақырды

Сообщить о проблеме с эфиром
«Алтын адам» туралы фильм, бағдарламалар түсіріп оны жақсылап жарнамалау қажет. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай ұсыныс тастады. «Алтын адам» еліміздің әлемдік жаңа брендіне айнала ала ма? Тәуелсіздігіне 25 жыл болған Қазақстанды жаһан жұрты әлі де танымай жататыны бар. ТМД шеңберіндегі беделімізге күмән болмаса да, Еуразия кеңістігіндегі келбетіміз әлі де көмескілеу. Бұл тиісті жарнаманың аздығы. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адам» туралы кино түсіріп, одан үздік ұлттық бренд жасайық деген ұсынысы осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? Қазақстан шекарасынан күніне мыңдаған шет елдік ішке енеді. Бірі саяхатшы, енді бірі қызмет бабымен келгендер. Оларда Қазақстан туралы қалыптасқан ортақ көзқарас жоқ. Константин Шатравка, кәсіпкер, әуесқой фотосуретші (Ресей): – Қазақстанға бірінше рет келдік. Астананың заманауи архитектурасы ұнады. Бурабайдың табиғатына тіпті ғашық болдым. Алматының жасыл желегі мен таулары өзгеше екен. Көрдіңіз бе, сіздерде жарнамалайтын нәрсе көп. «Алтын адам» мүмкін сәтті жоба болар. Бірақ бір нысан арқылы бүтін елді елестету қиын. Ресейден елімізге бірінші рет аяқ басқан азаматтар Қазақстан туралы достарының айтуынан көбірек естіген. Олардың сөзінше, Қазақстанға Эйфель мұнарасын тұрғызудың қажеті шамалы. Тек, барымыздан бренд жасауға ұмтылу керек. Василий Созин, Жарнама агенттігінің директоры (Ресей): – «Алтын адам» Қазақстанда табылғаны туралы бұрын естігенім бар. Бірақ мына монументті ұлттық брендке ұқсата алмадым. Тарихи тұрғыда маңызды шығар. Дегенмен, бұл туристерді тартатын Париждің Эйфель мұнарасы емес. Мен Қазақстанды сан-алуан табиғат, кең дала және Астана деп елестеттім. «Алтын адамды» ұрпақтар үшін насихаттаудың маңызы орасан. Дегенмен, коммерциялық тұрғыда тиімді болатын ұлттық брендімізді табу қажет-ақ. Ол біздің дәстүріміз бен болмысымыздың сәтті жиынтығы болғаны абзал.