Бахрейн ханзадасы 50 елде эфирде көрсетілетін ММА турнирін Қазақстанда өткізбекші
18.04.2017
Бахрейннің байлыққа белшесінен батқан ханзадасы Brave Combat Federation атты жаһандық ММА ұйымының негізін қалаушы. Мақсаты аралас жекпе-жек сайыстарын ұйымдастыруда әйгілі UFC деңгейіне жету. Ақша болса арманның да ауылы алыс емес. Алматыда 29-шы сәуірде өтетін «BRAVE6 Kazakhstan» турнирінің де шығыны қыруар көрінеді.
Мерхат Әбілов, «BRAVE Kazakhstan» промоушенінің өкілі:
– Бұл турнир ауқымды. Әлемнің 50 мемлекетінің телеарналары мен ақпараттық ресурстарында көрсетілмекші. Жекпе-жек шеберлері жарыс алдында антидопингтік тексеруден өтеді.
Төрешілер де шет елдік мамандар. Жалпы Алматыда өтетін аталмыш турнирге 250-300 мың АҚШ доллары жұмсалды.
Халид Бин Хамад Аль-Халифа ханзаданы Қазақстандағы аралас жекпе-жектің даму потенциалы қызықтырған екен. Ол өзінің промоушенімен Еуразия құрлығын толық жаулауды көздейді. Сегізбұрышта он жұп айқасатын бұл кеште біздің Жұман Жұмабеков ресейлік қарсыласымен шығады.
Жұман Жұмабеков, аралас жекпе-жек шебері:
- Кондратьев Анатолий деген соперник. Ол бүгін ғана келісімшартқа қол қойды. Соперникті қараймыз. Ол күрестен мықты болса күреске, қолдан мықты болса қолға акцент береміз. Бұл жарысқа дайындығым өте жақсы. Ешқандай травма жоқ.
Сонымен қатар «BRAVE6 Kazakhstan» турнирінде қытайлық қандасымыз Ғабит Турханбек те сайысқа түседі. Оның қарсыласы әзірбайжан азаматы. Шет елдік ринг-анонсерлер мен спорт комментаторларын да тарту көзделген. Жалпы ММА спортына ел билігі көңіл аударса деген тілек те айтылды.
Питер Берман, Қазақстандық алғашқы ММА сайыскері:
– Аралас жекпе-жек өнері сегізбұрышқа кіріп алып тек төбелесу емес. Жапония, Голландия, Ирландия, Англия секілді елдерде ММА өкілдерін сол елдің қауіпсіздік қызметі тікелей қадағалайды. Себебі мұндай күш бақылауды қажет етеді. Жігіттердің қылмыскер немесе патриот болуы осыған байланысты. Сондықтан биліктің көңіл бөлгені маңызды.
Әлемдік беделді промоушендердің қазақстандық жанкүйер алдында жекпе-жек жәрмеңкесін жасауы алғаш емес. Жарнамасы келісті ұйым мен атағынан ат үркетін спортшыға деген жанкүйер жұртымыздың ықыласы да ерекше. Дегенмен, олар отандық промоушендерді де осындай халықаралық ареналарда көруді қалайды.