Қазақстанда балаларға Youtube пен әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылмақ

Сообщить о проблеме с эфиром
Қазақстанда балаларға Youtube пен әлеуметтік желілерге кіруге шектеу енгізілмекші. Белгілі бір жас санатына қарай, қолжетімді ақпараттың «ақ тізімі» жасалады. Депутаттардың бір тобы жыл басынан, балаға залалды ғаламтор контетін қадағалауды күшейтуді сұраған болатын. Михаил Комиссаров, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: - Қазір байланыс операторларымен балаларға арналған пакеттерді әзірлеудеміз. Онда ақпарат тиісті деңгейде сүзгіден өтеді. Яғни, балалар пакетінде әлеуметтік желілер, Youtube болмауы тиіс немесе олардың алдын-ала тазартылған нұсқасы ұсынылады. Аталмыш пакеттерде жеткіншектерге лайықты білім беру мен ойын ресурстары ескеріледі. Заң жобасының міндеті балалардың физикалық және психикалық денсаулығына, рухани және әлеуметтік дамуына зардабын тигізетін ақпараттан арашалау. Қазір интернет иірімдері зорлық-зомбылықты, порнографияны, суицидті, құқық бұзушылықты насихаттайтын контентке лық толы. Михаил Комиссаров, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: - Балалардың ғаламторда қандай ақпарат іздейтініне қатысты бірде-бір зерттеу жоқ. Болса да, сенімсіз статистикалық деректер. Соңғы уақыттағы ата-аналар әлеуметтік желілердің зардабына қатысты жиі дабыл қағуда. Енді сүзгіден өткен пакеттерді баласы үшін пайдалану қажет пе, жоқ па, оны әке-шешесі таңдайды. Десекте ғаламтордан саңылау тауып, балаңызға жететін зиянды ақпараттарды толық шектеу мүмкін емес. Бұл тұста әке-шешенің жеке қадағалауы мықты болса, сол нәтижелі. Әрі бала пайдалы іске уақыт табар еді. Салтанат Әлмұханова, Алматы тұрғыны: - Балалардың уақыты көбірек болады. Таза ауада демалып, сабағының үлгерімі жақсарады деп ойлаймын. Аңқылдаған аңғал бала бұл ақпараттарды ата-анасының көзінен тасада еркін пайдалануға қауқарлы. Ақпараттың тасқыны кезеңінде оның зардабынан балаларды, жас ұрпақты қорғаудың маңыздылығы күн санап артуда. Михаил Комиссаров, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: - Бұл заңда балалардың 6, 12,14, 16, 18 жасқа дейінгі категориялары қарастырылады. Осы жас мөшерлеріне байланысты түрлі пакеттер ұсынылады. Заң қазір талқылануда. Ол қабылданып, толыққанды күшіне тек келесі жылы енеді деп күтілуде. Ел болам десең, ғаламторыңды бұғаула. Сүзгіден өткен құнарлы ақпаратты тұтынған ұрпақ - ертеңгі елдің үміті.