Қанат Бейсекеев Нұрлан Сабуров жайлы фильм таспалап жатыр!

Сообщить о проблеме с эфиром
Біраз биікті бағындырып үлгерген Нұрлан Сабуров жайлы ақпарат жоқтың қасы. Сондықтан, оның болмысын ашатын шынайы дүние жасауға бекіндім,- дейді Қанат Бейсекеев.Тек, әуелгіде ұсынысынан Нұрлан үзілді-кесілді бас тартқан. Ұяңдық танытқанымен, біраз уақыттан соң режиссер діттегеніне жетті. Нұрлан Сабуров, «Stand Up» шоу резиденті: – Қанатпен таныс болғанға дейін оның деректі фильмдерін көргенмін. Мен туралы фильм түсіргісі келетінін айтып хабарласқанда, таңқалдым. Ыңғайсыздандым. Дегенмен, «атаққұмар» адам болғандықтан ақыры келістім. Айтар ойы бар дүние шығуы үшін екеуміз де тырысып бағудамыз. «Атаққұмармын» дегені асыра сілтегені. Шынтуайтында, өзін үнемі қамшылап, бойындағы кем-кетегіне әзілмен қарап, шыңдалуға құмар. Мәскеуде, Қазақстан мен Еуропада жүргізілген түсірілім жұмыстары барысында Қанат таныған Нұрлан Сабуровтың бет-бейнесі осы. Қанат Бейсекеев, режиссер: – Степногрскіден шыққан қарапайым қазақ жігіт Ресейлік үздік арнада қалай жұмыс істейді? Оның әзілдері қалай жасалады? Тағдыр жолы қандай деген сынды сауалдарыма жауап алғым келді. Сырт көзге үнемі көңілді жүретіндей көрінгенімен, ол өмірде талапшыл, еңбекқор. Болмысын бүкпесіз көрсетуге талпынамын. Сондықтан да, асықпай екі жыл уақытымды арнадым. Бейсекеев Ақмола облысындағы Нұрланның кіндік қаны тамған мекенде түсірілім жұмысын жүргізуге ниетті. Сондықтан да, деректі фильмнің тұсауын кесуді келесі жылға қалдырып отыр. Оған дейін «Stand Up» шоу резидентін тағы бір жауапты іс күтуде. Құралай Анарбекованың продюсерлігіндегі «Брат или брак» картинасында басты рөлді сомдауға шықырту алған сері, жазғы демалысын Алматыда өткізеді. Нұрлан Сабуров, «Stand Up» шоу резиденті: – Бес ағайынды жігіттердің бірін сомдаймын. Кейіпкерімнің есімі – Аян. Мақтаншақ, арсыз, есалаңдау. Ресейде Азиялық актерлар аз болғандықтан, қытайды, кәрісті немесе жапонды ойнауға ұсыныстар түскен. Тек, маған бұл қажет емес. Керісінше, стереотипті жоюға тырысып жүрмін. Киноға алғашқы қадамды осы жерден бастап, туған жерге деген құрметімді білдірігім келді. Киноға қадам басып, басымды тәуекелге тіктім, - дейді Сабуров. Кірпияз көңілді көрермен актерлік шеберлігі шыңдалмаған жанды қабылдай қояр ма екен деген қорқынышы басым. Есесіне, оның әзілдері халыққа өтімді. Әсіресе, 20 жасында бойдақтықпен қоштасқаны, сүйікті жарына деген шексіз құрметі жайлы қалжыңы ұтымды көрінеді. Нұрлан Сабуров, «Stand Up» шоу резиденті: – Сұлулық стандарттарына сай болмаса да, ол менің адамым. Біз екі жарты, бір бүтінбіз. Тамақты керемет әзірлейді. Ұсақ-түйек жәйт болғанымен, қарны тоқ, жағдайы жасаулы жәйлі үйден еркек ешқашан алыс кете алмайды. Бала жастан танитыным да оған деген махаббатымды еселей түседі. Мен оны шын сүйемін. Отандық комедиядағы дебюттік жұмысы көрерменінің, бастысы жұбайының көңілінен шығып жатса, актерлыққа мықтап ден қоюға ниетті. Ресейлік картиналарда көбірек бой көрсетуге де құлықты.