Асанәлі Әшімов анасының сұрауымен «ит оқуға» қалай түскенін айтып берді

Сообщить о проблеме с эфиром
Атақты актер Асанәлі Әшімов 8 мамырда 80 жасқа келеді. Оның өмірі туралы түсіріліп жатқан жаңа деректі фильмнің «Expo-2017» халықаралық көрмесі аясында тұсауы кесіледі. Кеңестік кезеңде жас болса да бірнеше сәтті рөлдерді сомдап, миллиондаған көрермен ілтипатына бөленген актерлардың бірегейі - Асанәлі Әшімов. Ол сексеннің сеңгіріне шыққан шағында да өнеріне адал, әлі тың, ақылы кемел. Қазақ киносының қара нары қарттықты әлі сезінбеймін дейді. Асанәлі Әшімов, КСРО-ның Халық әртісі: – Алла тағалам осылай жас берді, сонымен келе жатырмыз. Бала кездегі өмір, соғыс кезіндегі қиыншылық маған пайдаға кеткен болуы керек. Болат Әбділманов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: – Қазақта әдемі қартаю деген болады. Адам өмірінде қаншама жақсылық жасайды адам баласына, өнерге қызмет етеді, соның барлығы қартайғанда өзіңе келеді. Алатаудай Асанәлі фильмдердегі түрлі образдарымен, шеберлігімен талайды таңырқата алды. Заманауи көрермен сұранысын дөп басатын түйсігі ерекше. Бұл көрерменнің ілтипаты. «Атаманның ақыры», «Трансібір Экспресі», «Қыз Жібек» бір төбе болса, «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмі абыз актердың бүгінгі биігі. Кинодағы інілері үшін ол бүтін бір қазақтың Голливуды. Асанәлі Әшімов, КСРО-ның Халық әртісі: – Кинода отыз шақты, сектакльде елу шақты. Кинода көп ойнамасам да таңдап, талғап барамын. Әр нәрсеге бара бермейміз. Болат Әбділманов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: – «Қыз Жібектен» асқан кино бар ма, «Атаманның ақырынан» асқан кино бар ма? Бұл кісі бір жылда екі киноға түскен. Бір жылда екі кинода, екі ұлы образ жасау қазақта ғана емес, әлемде мысалдар өте аз. Актердың өмірі туралы 5 жыл бұрын түсірілген деректі фильмнің жаңа қазақша нұсқасы таныстырылды. Асанәлі Әшімовтің сексен жасқа келуі биыл ел ауқымында тойланбақшы. Абызға Астанадағы ««Expo-2017» халықаралық көрмесінің төрінде де орын бар. Асанәлі Әшімов, КСРО-ның Халық әртісі: - Сексен жылдыққа қазір 56 мнуттық фильм түсіріліп жатыр. Ертең ең соңғы съемкасы. 80 жылдықта көрсететін шығар. Бұл жолы көрсете алмаса, Астанада болатын тойда көрсетеді. Әшімов әлемі бүгінде біреулер үшін кинодағы пір, ақылман аға, қазыналы ұстаз. Алматы қаласындағы ашылған жұлдыздар аллеясында оның да есімі бар. Жұрттың ықыласы мен махаббатынан да кенде емес. Арманы жоқ секілді. Дегенмен, абыз актердың ұрпаққа айтар үшбу өсиеті бар. Асанәлі Әшімов, КСРО-ның Халық әртісі: – Қаралы күндер де болып жатады. Адамның өмірде барлық сезімі оянауы тиіс деп ойлаймын. Қуаныш сезімі де, реніш сезімі де. Соның бәрі адамды есейтеді. Анасының «әйтеуір бір ит оқуға болса да түс» деген тілегімен актерлыққа тап келген Асанәлі тағдыры - тұнған құнды драма. Ахмет Жұбанов өзі оқуға қабылдаған, Әуезовті алғаш көргенде оны періште санаған жас Әшімов бүгін - дара Әшімов.