Бұрыңғы сатира – бүгінгі стендап. Соңғы кездері қазақтың қалжыны жаңа леп алып, жастардың қысқа да нұсқа монологтарымен толығып жатыр. Ал заманауи әзіл саласын дамытамыз деушілер саны күн санап артып келеді. Өткен апта бізге берген сұхбатында Сабиркин сүйіншілетіп, стендап сахнасына шығамын десе, енді блогер Жеңіс Омаров та монолог жазып, дайындалып жүргенін мәлімдеді.
Zheka Fatbelly, блогер:
– Стендапқа келгеніме 3 ай болды. 3 айда өзімнің 25 минуттық материалымды жаздым. Бір-бір минуттан басталды ғой. Басында 3 минут жазасың. Өмірің туралы жазасың ғой. Мен мысалы отырдым да мені не мазалайды соны жазып шықтым.
Материалын сайлап қойған Жеңіс Омаров қазір стендап-комиктердің кештерін қалдырмайды. Шақырту түссе, қонақ ретінде қатысып, тәжірибе жинауға асығамын дейді ол. Себебі мұндай концерттер әзілдерін бағамдауға көмектеседі екен.
Zheka Fatbelly, блогер:
– Бұл жерде жаттығулар секілді ғой. Бокс қа қатыссаң да жаттығуға бару керексің ғой. Сол сияқты бұл жақта да… Аптасына 3-4 рет сахнаға шығатын дүниені тексеру дейтін болады. Шығасың, он ғана адам болады. Солардың алдына шығасың да айтасың. Олар не күледі, не күлмейді.
Стендапты бағындыруға бел байлағандардың бірі - Жазира Еркін. Алайда сылқым бұл салаға топ ете қалған жоқ. Бірнеше жыл Мәскеудегі импровизациялық театрда жұмыс істеп, көршілес мемлекетте білімін жетілдірген еді. Енді сол тәжірибесін қазақ стендабын дамытуға арнамақ.
Жазира Еркін, актриса:
– Қазақстанға жаңа жанр болғандықтан көбі түсіне бермейді. Сол баяғы монолог қой. Тұрсынбектер айтатын, Қайрат Әділгерейлердің монологы секілді. Оның өзінің структурасы бар. Оның бәрін аспаннан алып жатқан нарсе емес. Мәскеуде актерлық оқумен қатар, комедияны зерттедім. Ол шынымен іштегі піскен нарсе. Тек сахнаға шығу керек.
Жеңіс стендап сахнасында отбасы тақырыбын қозғаса, Жазира бұл алаңда тұрмысқа шықпаған қыздарын күйін күйттемек.
Жазира Еркін, актриса:
– Бойдақ қыздың тақырыбы. Барлығына өзі жететін. Өзі қол жеткізетін, түрлі сезімге бөленетін. Ғашық болатын, құлайтын, жылайтын армандайтын. Әр қыз өзін тани алады деп сенемін. Материал өте көп. Сондықтан міндетті түрде сахнаға осылай шығамын.