Сүйінші! Джеки Чан мен Қазақстандық медиа компания бірлесіп жоба ұсынбақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Salem Entertaiment үшінші жыл қатарынан «КиноКөрісу» шарасын ұйымдастырды. Дәстүрлі түрде өтетін кездесуде, аталмыш нарықтағы кіл мықтылар бас қосты. Биылғы нетворкингтің тақырыбы «франшизаны дамыту».

Қуат Садықов, «Salem Entertainment» бас продюсері:

Біз қазақтың көрісу салтын киноиндустриямен байланыстырғымыз келді. Өздеріңізге мәлім, былтыр Қазақстанда өте көп картиналар жарыққа шықты. Осыған орай киногерлерді біріктіріп, оларды ортақ жоба жасауға шақырып, біздің нарық Қазақстанмен шектеліп қалмауы керек екенін ұғындырғымыз келді.

 

Өткен жылды қорытындылаған соң әр компания өкілі ортаға шығып, биылғы жоспарларымен бөлісті. Эксклюзивті жаңалық - Salem Entertaiment ұжымында екен. Мамандар әлемдік кинонарыққа аяқ баспақ. Бұл құрғақ әңгіме емес, нақты жоспар. Шығармашылық топ Джеки Чанның командасымен келіссөзге қол қойып үлгерген. Алайда түсірілім қашан басталатыны бізге беймәлім.

 

Ортаға шығып сөз алған басқа мамандар да сүйіншілетті. Мәселен «Қазақфильм» алтын қордағы фильмдерді қайта жаңғыртпақ екен. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан режиссер Қуаныш Бейсек те тың туындыға білек-сыбана кіріскенін айтты.

Қуаныш Бейсек, режиссер:

Ыбырай Алтынсарин туралы кино түсіреміз. Кастинг болып жатыр, кастингке қатысыңыздар. Жаңа актерлармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Жаңа қырынан көрсететін сондай. Соны іздеп жатырмыз енді.

 

Шара барысында ұйымдастырушылар қазақстандық киноиндустрияның дамуына үлес қосып жүрген мамандарды марапаттады. Мәселен Нұрлан Қоянбаевқа «кино саласындағы коммерциялық серпілісі үшін» аталымы берілді. Ал «НТК» арнасынан 7 маусым көрсетілген Патруль жобасын дайындаған шығармашылық ұжымға «Патруль сериалының көпжылдық жетістігі үшін» номинациясы бұйырды.

 

Марапаттау рәсімі аяқталған соң нарықты жаулаған туындылар жайлы киносыншылардың пікірін сұрадық.

Карим Қадырбаев, Қазақстан киносыншылар ассоциациясының президенті міндетін атқарушы:

Қателеспесем, қазірдің өзінде 25 картина жарыққа шықты. Бәрін көріп үлгермедім. Бірақ «Патрульді» Жандос Айбасовтың режиссерлық фильмін ерекше күтіп жүрмін. Ауыз толтырып айта алатыным «Жеті гүл» картинасы. Месседжі және оны ұсынуы өте жақсы фильм. Шыны керек, шетелде, аралдарда түсірілетін фильмдерден шаршадым.

 

Кинонарықты дамыту осы салада жүрген әр адамның қалауы екені сөзсіз. Ал мақсатқа қол жеткізу үшін мұндай нетворкингтер қажет-ақ.