Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Шахматшы Амантай өмірден өзін таппаған, проблемалары қаптаған орта жастағы ер ағасы. Ойы айран, отбасы ойран. Күндердің күнінде ұйқысынан тұрған ол «Урбаха вите» дертіне шалдығады. Яғни қорқыныш сезімі бойын түбегейлі тәрк етеді.
Ері үйде, әйелі түзде! «Менің папам тигр» лентасының месседждерінің бірі де осы. Қоғамдағы түрлі отбасылардың кемшін тұстары қатар көрсетілген. Жата берме деп жұлқылаған жары, тұрғанда не тірлік істерін білмейтін күйеуі.
Жанболат Найзабеков, актер, кинопродюсер:
– Біз қоғамда болып жатқан мәселені қозғайық дедік қой. Ер адамның қадірі отбасындағы. Қазір несиеде отқан отбасылар қаншама. Соны кішкене бір күлдіріп отырып халыққа бір нәрсе жеткізіп кетсек деген ой.
– Лентада күйеуінің миын жеген келіншек көрсетіледі.
– Иә... Бұл біздегі жиза. Айналамызда болып жатқан нәрсе. Өйткені мен кеше кинотеатрдан шыққан кезде, бір әйел кісі қолымнан ұстап: Жәке, тура менің тағдырымды кино қылып түсіріпсіз ғой,-дейді да.
Жанболат үшін бір мезетте үш түрлі кейіпкерді қатар алып жүру оңай болмапты. Тіпті режиссер Ернар Нұрғалиев жиі ескерту жасап отырған.
Жанболат Найзабеков, актер, кинопродюсер:
– Үш күн психты ойнайсың. Үш күн батырды ойнайсың. Үш күн қорқақты ойнайсың,-десе, ол кезде дайындаласың да. Бізде ондай болған жоқ. Азанғы 7-де басталатын съемка болса, 9-ға дейін қорқақты ойнайсың. 9-дан, 11-ге дейін батырды ойнайсың. 11-ден, кешкі 6-ға дейін психты ойнайсың. Осы үш образдың айналасына кіріп шығу маған өте қиынға соқты.
Бұл лентада басты рөлде Найзабековтың қызы ойнайды. Бірақ актердың баласы бармақ басты, көз қыстылықпен емес, кәдімгідей үлкен команданың кастингінен өткен. Сезім Жанболатқызы, отбасында белгілі бір ережелердің барын және оны ұстанатынын айтады.
Сезім Жанболатқызы, Ж. Найзабековтың қызы, актриса:
– Телефонымызды тексереді. Бірақ менікін особо тексермейді. Менің әпкемдікін көбірек тексереді. Өйткені бізге тикток запрещать етеді ғой. Менің әпкем Медина мамалардан тығып құйып алады. Сосын өшіріп тастайды, телефонды тексеруге ап келіңдер дегенде.
Найзабековтың бұл фильміне өзінің театрдағы аға-бауырлары түспеген. Жанболаттың киносында қоғамның ақсақ тұсы, көп адамның жанайқайы бар,-дейді Мадияр Серікбаев. Әсіресе Мадияр астын сызып айтқан мәселе бар:
Мадияр Серікбаев, актер:
– Әрбір отбасы көру керек болған фильмдердің бірі деп ойлаймын. Өйткені әкенің қадірі қазір өте құнсыз болып бара жатыр шыныменде. Енді бала күндегі бұл менің ғана тәрбием емес, бәрінің тәрбиесі солай деп ойлаймын. Әке асқар тау деп үйреткен.
Жанболаттың жан-жарын Зарина Кармен ойнайды. Актриса: ер мен әйелдің орнын ауыстыруға болмайды. Қазіргі қоғам көп нәрсені қате түсініп жүр,-дейді.
Зарина Кармен, актриса:
- Ер азаматтың өзінің орны болады. Әйелдің өзінің орны болады. Олардың орнын ауыстырып жіберсең, ол табиғаттың бұзылғаны яғни. Қазіргі заманда әрине эмансипация дейміз. Феменизм дамып жатқан заман. Бірақ оны кейбір адамдар дұрыс түсінбейді.
Ал Серік Ибрагимов болса, қазіргі қоғамда расымен әлсіз жігіттердің көбейгенін айтады. Дегенмен, әнші: жігіттер естерін ертерек жинаса, бәрі қалыпқа келеді,-деді.
– Қоғамда әйелдер мықты болып кетті деген де түсінік бар.
Серік Ибрагимов, әнші:
– Әйел қай кезде мықты болады? Сеніп жүрген еркегі сәл слабый болып шыққан кезде шығар. Мықты жігіттер қайтадан көбейетін болса, нәзік жандылар әлбетте нәзік болуға тырысады ғой.