Қазына Әбдіғапбар, @kazyna_91:
– Бүгін қызыл кілемде – Әділхан Ержанов, Ерден Телемісов және Айсұлу Әзімбаева! Дәстүрлі Байқоңыр кинофестиваліндеміз.
Жас режиссерларға кино әлеміне жол ашатын бәйгеге биыл 8 ел қатысты. 6 күн ішінде төрешілер 34 туындыны тамашалады. Дода түрлі жанрдағы картиналарды қамтыған. Сондықтан да болар қазылар алқасының мүшесі Айсұлу Әзімбаева «жүзден жүйрігін таңдау оңайға соқпады»,- дейді.
- Төрелік жасаған кезде не нәрсеге мән бересіз, жобалар қай жағынан ұнауы тиіс?
Айсұлу Әзімбаева, актриса:
-Мен үшін режиссер мен команданың таңдаған тақырыбы - заманауи мәселелерді қөтере алуы маңызды болды. Түсірілім тобындағы әрбір жанның жұмысын көре алуымыз керек. Десе де, жас киногерлердің байқауы болғандықтан олардан бюджеті қомақты блокбастер секілді туынды талап етпедік.
Байқау бағдарламасы 3 бағытты қамтыған. Халықаралық қысқаметражды және Ұлттық қысқаметражды көркем және деректі фильмдер. Бұған қоса, Халықаралық толықметражды көркем дебюттік картиналар. Алғашқы бағыт бойынша үздік деп Қырғызстандық режиссер Тыныстан Теміржанның «Ромео» лентасы танылды.
Қазылар алқасының мүшесі, актер әрі сценарист Ерден Телемісов әрбір қатысушының басты жеңісі – мықты тәжірибе екенін алға тартты.
Ерден Телемісов, актер:
-Мұнда ең басты нәрсе – халықаралық деңгейде тәжірибе алмаса алу мүмкіндігі. Кино ел, жер, ұлт таңдамайды. Шетелдіктердің бізден, біздің олардан алатын дүниеміз көп. Сондықтан бүгін байқау емес, нағыз кино мерекесі дер едім.
Ал, екінші бағыт - ұлттық кысқаметражды көркем фильмдер бойынша «үздік режиссер» атанған Алматылық Әнуарбек Хамитов, «Қақпан» картинасы үшін арнайы сыйақы– 100 мың теңгеге ие болды.
Әнуарбек Хамитов, «Baiqonyr» кинофестивалінің жеңімпазы:
- Мен қазір 4-ші курс студентімін. Сондықтан ақшаны дипломдық жұмысыма жаратамын деп ойлаймын.
Айта кету керек, аталған бағыт бойынша бақ сынағандардың басым бөлігі студенттер. Бәйге ұйымдастырушылары: Байқоңыр - жас киноны насихаттаудың бірігей платформасы дейді. Әрбір қатысушы фестиваль арқылы халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады екен.
Ержан Жұмабеков, «Baiqonyr» кинофестивалінің бағдарламалық директоры:
- Жеңімпаздар бірінші кезде көптеген осы фестивальден халықаралық фестивальдерге жолдама алады.
«Байқоңыр -мүмкіндіктер мекені» деген сөзбен «Қазылар алқасының арнайы сыйлығының» иегері Гүлнұр Қалмұхамбетова да келіседі. Жас режиссер күні ертең Өзбекстан еліне тағы бір кинододада бақ сынамақ. Оның «Таңдау» фильмі тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы.
Гүлнұр Қалмұхамбетова, «Baiqonyr» кинофестивалінің жеңімпазы:
-Себебі Қазақстандағы кішкентай балалар осы көзімен көріп өсіп келе жатыр. Менің жанымды ауыртқандықтан, менің айтатыным болғандықтан ішімдегі осы теманы таңдадым.