Роза Рымбаеваның өміріне қастандық жасаған кім?

Сообщить о проблеме с эфиром

Әли Оқапов анасына жасалған қастандық, тағдырындағы қилы кезеңдер, шарықтау мен шыңырауға құлау сәттерін экранизацияламақ. Роза Рымбаева жайлы байопикті түсіремін деп шабылып жүргеніне үш жылға жуықтаған. Сценарий мен синопсисті арқалап, қақпаған есігі қалмапты. Десе де туындының тұсауын кесуге тұсау болған жандар жетерлік.

Әли Оқапов, әнші:

- 3 жыл қатарынан өтпей қалып жатырмыз. Өйткені эксперттік комиссия мүшелері бар және олардың субьективті көзқарасы бойынша шешім қабылданады және де сол шешімге байланысты қолдау көрсетіледі. Жылдан-жылға шаршамай сол «Роза» атты папкамды көтеріп, әкеліп, кейбір адамдарға күйік болып көздеріне, бірақ ұсынып жүрміз.

Бір қызығы, Халық әртісінің шындығын жариялауға қарсы шенеуніктер бар.

Әли Оқапов, әнші:

- Менімен келіспейтін жандар көп, осы киноға қарсы шыққан жандар көп, майталмандар да бар олардың арасында. Бірақ олардың өз жоспарлары бар шығар, біз сол жоспарларға сай келмейтін шығармыз деп ойлаймын. Бірақ мен жеңілмеймін, мен тоқтамаймын.

- Көбінің қарсыласуының басты себебі, ол – шындықтың көбірек көрсетілуі иә?

Әли Оқапов, әнші:

- Газеттерде осындай жерге барды, 1-ші орын алды деп. Ал не болды ол жерде? Кей кездерде үлкен басшылықтардың тарапынан да кедергілер болған.

- Сол қиын кезеңдерде сіздің анаңызға қастандық жасағандар болған иә?

- Әрине, қазір де бар. Ол өмір бойы бола беретін кейіпкерлер.

Туындыда Роза Рымбаеваның 1975-2000 жылдар аралығында бастан кешкен қиындықтары бүкпесіз, боямасыз көрсетіледі. Халық әртісінің ұлы қаскөйлердің кесірінен анасынан екі рет айырылып қала жаздағанын да жасырмайды.

Әли Оқапов, әнші:

- Екі рет өле жаздаған анамыз, оны көбісі білмейді. Кеңес одағының ыдырауы, 90 жылдар бар, содан кейін менің дүниеге келгенім бар, сосын Мәдидің дүниеге келгені бар, әкеміздің қайтыс болғаны бар, түрлі-түрлі бәсекелстердің жағымсыз қадамдары бар, жағымсыз кейіпкерлер де бар, оның барлығы өмірден алынған.

- Фильмнің сценарийін оқыған кезде анаңыздың реакциясы қандай болды?

Әли Оқапов, әнші:

- Реакциясы өте қызық болды. Өйткені кей кездерде ол өзі талай нәрселерді тым ашық айтып қойған сияқты болды біз үшін, тым шынайы. Өйткені біз кейде айтамыз осыны да айтуға бола ма деп. Ол бірден айтады неге айтпайсыңдар деп, енді шындық қой деп, оны бәрі біледі деп. Біз айтамыз бәрі емес шығар, сенің ортаң шығар, әріптестерің шығар, бірақ халық білмейтін шығар. Сен оған дайынсың ба деп. Неге дайын емеспін дейді, кез келген жасаған қадамым үшін жауап беруге дайынмын дейді. Яғни, ол бізден де батыл боп тұр осы кинода.

Әли Оқапов, әнші:

- Кастинг жарияланады. Ол үлкен ашық кастинг болады және біз тек қана Алматы қаласында емес, бүкіл Қазақстанды араламақпыз. Р. Рымбаевадан басқа кейіпкерлер көп. Б.Шүкенов бар. Т. Оқапов, Н. Есқалиева бар дегендей.

Аталмыш туынды 2025 жылы Роза Рымбаеваның өнердегі 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шығуы мүмкін. Олай болса, Оқаповтың бұл бастамасын үлкен экрандардан күтетін боламыз.