Айдана Шалқар, @aiudna
- Солд аут! Бұл жолы концертте емес, театрда! Көрерменнің осылай лық толуының айтулы себептері бар. Себебі, бүгін МТЮЗ Алматы төріне қонақтап келді. Залда отырған қыздардың жүзіне қарасақ, көбі Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергенді көруге келген секілді.
Аян Өтепберген, актер:
- Енді маған да келетіндер бар ғой, оны жасырудың қажеті жоқ. Әрине, қалжың. Қош келдік, Алматыға Астанадан. Мен өзім Алматы қаласынан жақында ғана кеттім. Сондықтан бұл қала мен үшін таңсық емес және бөтен емес.
Бұл - Музыкалық жас көрермен театрының Алматыдағы алғашқы гастрольдік сапары. Сахна шымылдығы «Гауһартас» қойылымымен ашылды. Басты рөлде – Аян Өтепберген мен Асылхан Төлепов. Аян – «Тастан» есімді жігітті сомдайды.
- Осы Тастанның кейіпкері негізінде көрерменнің есінде тез сақталып қалуының сыры неде деп ойлайсыз?
Аян Өтепберген, актер:
- Өйткені, ол рөлді Аян Өтепберген ойнайды.
Әлеуметтік желіде «-1 краш» деген жазбамен Аян Өтепбергеннің видеолары тарап жүр. Бұл рас ақпарат па? Актердан сұрап көрдік. Десе де ол бұл сауалға жауап қатпауды жөн санады.
- Біз спектакль туралы келісеміз, әңгімелесеміз, сұхбаттасамыз деп келістік. Сондықтан әрі қарай болды.
Айта кетейік, бұл - «Гауһартас» қойылымының 100-ші сахналануы. Қайыркеннің рөліндегі Асылхан Төлепов бұл спектакль үшін театр ұжымының үлкен тәуекелге барғанын айтады.
- Осы «Гауһартас» қойылымын алматылықтар ерекше асыға күтті деп айтсақ болады.
Асылхан Төлепов, актер:
- Тәуекелге бардық бұл спектакль үшін. Бұл «Гауһартас» қойылымы ешқашан сахналанбаған. Біз 1-ші рет сахналадық. Былайынша айтқанда, бұл риск дейді ғой.
Ел аузынан түспей жүрген «Гауһартас»-ты көруге Төлеповтың жанұясы да келді. Айтуынша, актердың жұбайы бұл қойылымды бірде-бір рет тамашаламаған. Себебі, Асылхан жұбайын театрға жиі шақыра бермейді екен.
Асылхан Төлепов, актер:
- Осы «Гауһартасты» олар әлі көрген жоқ. Сол үшін енді тырысамыз енді. Ең бастысы мені көріп отқанда «Папа, папа» деп сөйлеп отырмаса болды. «Бері кел» деп сахнаға шығып кетіп.
- Ал осы отбасыңыз сіздің қойылымдарыңызды жиі тамашалай ма?
- Жоқ, мен көп шақырмаймын.
- Неге шақырмайсыз?
Асылхан Төлепов, актер:
- Білмеймін, енді шақырмаймын, ыңғайсызданамын. Тұсаукесер кездерінде 1-2 рет көрді. Осы күнге шейін мен осы Тюзда істеген кезде 2 рет келді ата-анам, ал Астанада 1 рет барды. Енді міне бүгін кеп жатыр. Келіншегім екі қойылымды көрген шығар. Бірақ көп шақырмаймын. Басқа актерлар ойнайтын кезде барарсыңдар деп айтам.
Актер әлі күнге дейін өзі түскен фильмдерді қарауға ұялатынын айтады. Десе де, оның ізбасары Алпамыс әкесі бой көрсеткен туындыларды үзбей тамашалайды екен.
- Сіздің өнерде жүргеніңізге қанша жыл болды, сонда да әлі солай ұяласыз ба?
Асылхан Төлепов, актер:
- Ұялғандық па әлде өзімізді сынаймыз ба? 15 жыл болды биыл. Ал басқа киноларымды көргенде бүйтем да 10 минутын көріп, мысалы қазір Алпамыс қарап жүреді киноларымды, бірге отырып көрейік дегенде бастап берем да жайлап шай ішіп шығып кетемін. Өзіме көп қарай алмаймын.
Спектакль соңында лық толы зал театр ұжымына риясыз қошемет білдірді. Келген көрерменді ерекше эйфорияға бөлеген қойылымды Алматы тағы да күтеді!