Күні кеше 26 жасқа толған Димаш Құдайберген, туған күніне орай өзінің ютубтағы жеке каналында, көптің көкейінде жүрген сауалдарға ашылып жауап берді. 1 сағатқа созылған эфирде әнші не айтты? Оның жақын уақытта фильмге түсетіні рас па? Әншінің жүрегін жаулаған ару жолықты ма? Келесі сюжетте.
Димаш Құдайберген 26 жасқа толды! Айтулы мерекеге орай ол, тікелей трансляцияға шығып, жанкүйерлерімен жүрекжарды әңгіме өрбітті. Димаш сөзінің басын отбасы мен дос-жарандарын қатты сағынғанын айтып бастады.
Димаш Құдайберген, әнші:
– Бұл менің Астана қаласында атап өтіп жатқан ең алғашқы туған күнім. Соңғы бірнеше жыл туған күнімді мен шет елдерде өткіздім. Соңғы үш жыл Қытайда тұрдым. Енді қазір бір шаңырақтың астында, ошақ басында ата-анаммен бірге, туған-туыс, дос-жаран бауырлармен бірге атап өткізіп жатырмыз.
«Туған күніңді қалай атап өттің?» деген сұраққа Димаш, «жақындарыммен, шағын ғана ортада тойладық», - деп қарапайым ғана жауап берді.
Димаш Құдайберген, әнші:
– Енді асып-тасып, ұлан-асыр той жасап жатқан жоқпын. Өйткені менің кішкене табиғатыма жат. Үйде жәй ғана ең жақын достарым келіп құттықтап келіп, кетіп жатыр. Ата-анаммен күштілеп, өзіміз отырып, шәй ішіп солай отырмыз.
Әңгіме ортасы Құдайберген-тегінің шығармашылығына қарай ойысты. Эфирді тамашалаған Украина, Ресей, Қытай, Америкадағы жанкүйерлері «концерттеріңді сағындық. Біздің елге қашан келесің?» деп сұрақтарын жаудырды. Әсіресе Димаштың Латын-Америкадағы табынушылары аса белсенді.
Димаш Құдайберген, әнші:
– Әлбетте, жоспарда бар. Тек қана Латын-Америкасы емес, сонымен қатар басқада көптеген елдердегі тыңдармандармен қауышу сәтін тағатсыздана күтіп жүрміз. Мына карантин аяқталғаннан кейін, бұйырса мен сіздерге қайтып ораламын концерттермен бірге. Сол кезде кездесетін талай сәттер туады деп ойлаймын.
Құдайбергеновтың басқа да жаңалықтары жоқ емес! Өнер иесіне голливудтық кино продюсерлерден ұсыныс түскен екен. Бірақ әнші фильмге түсуге әзірге асықпайтын көрінеді. Ал Димаштың жеке өміріне келсек, сері жақын уақытта үйленбейтінін, жүрегін жаулаған сұлудың жолықпағанын айтты.