Екі айдан бері жұмыссыз отырған жұлдыздар, ескі киімдерін сатып, ақша табуда! Олардың қатарында Мақпал Исабекова мен Лидо да бар. Ал саудаға қойылған сахналық костюмдер арасында бағалы брендтер де жетерлік. Шоу-бизнес өкілдерінің бұл үлгілері қаншаға бағаланды?
Әнші әрі дизайнер Лидоның тың образдарын киіп көруді армандамайтын ару жоқ шығар, сірә. Досалина ескі көйлектерін инстаграм желісі арқылы сатып, бұл бизнесті алғаш қолға алғандардың бірі. Ал, саудаға қойылған үлгілердің біразы бикешке сыйлыққа берілген.
Лидо, әнші:
- Мен ешқашан жалға алған емеспін. Бас қосуларда киіп жүрген көйлектер сыйлық ретінде маған тарту етілген немесе өзім сатып аламын. Кей кездері өзімнің талғамыма қарай арнайы тіктіремін.
Мақпал Исабекова да өнердегі құрбысының ізімен жүруді жөн көрген. Бүгінде әнші ол үшін арнайы парақша ашып, ескі гардеробымен қоштасуды қолға алған.
Еске салсақ, кезінде Исабекова өзінің байқауға киген 800 долларлық көйлегін небәрі 40 мыңға бағалап, саудаға қойған еді.
Ал Жазира Байырбекова болса, қымбат дизайнерлік көйлектерімен оп-оңай қоштасқысы келмейді. «Көйлектерімді әрі кетсе 4 рет қана киемін», - деген әнші оларды жалға беріп, ақшасын өтеп алуды құп көреді.
Жазира Байырбекова, әнші:
- Мен өзім көйлектерді киіп болғаннан кейін, киіп болғанда 3-4 рет қана киемін ғой. Ары қарай менің салон, прокат платьев бар. Соған алып барамын, Мысалы қымбат көйлек алуға қаржысы жоқтар сол жерге, химиялық тазалауда өткізілген көйлектерді алып киюге мүмкіндіктері бар.
Алтынай Жорабаева да Жазира сынды әр көйлегі арқылы табыс табуға кетәрі емес. Тек киімдер бойжетіп қалған қыздарынан артылмайтын көрінеді.
Алтынай Жорабаева, әнші:
– Қазір 2 қызым да өсіп қалды. Менің сырт киімдерімді, спортивкамды сұрамай киіп кете береді. Тек қана аяқ-киімдерім келмейді. Ал сырт киімдерім кішкене кеңдеу болып тұрады. Бірақ «модно» дейді. «Әй, анау киімім қайда?» десең, «өткенде мен кигем, біздің шкафта тұр» деп жатады.
Алтынайдың жағдайы көпбалалы ана Динара Сұлтанға да таныс. Алайда оның гардеробына қыздары емес, жанкүйерлері мен таныстары көз сұғады екен.
Динара Сұлтан, әнші:
– Өте қатты сұрап «Берші, Құдайым-ау болды осыны кимесем бітті» деген сияқты болса, әрине беремін. Ондай адамдар көп сұрайтын. Ойлаймын ғой енді, бір жағынан қызығып сұрайтын шығар.