«Қымбатшылық біздің де қалтамызды қағуда!» - бұл Отандық шоу-бизнес өкілдері айтқан базына! Әртістер карантин кесірінен соңғы екі айда, бағының өсім-түсімін бақылап отыратын болған. Шарықтау шамдарына тиген жұлдыздар, өз өкпелерін айтты.
Азық-түліктің қымбаттауының негізгі себебі, карантин шараларының күшейтілуі және импорт байланысының шектелуі. Елдегі елең-алаң әртістердің де қалталарына салмақ түсіруде. Әсіресе азық-түліктің қымбаттауы сахна саңлақтарын тығырыққа тірегендей. Карантинде екі ай бойы отырған олар, бағаны бақылап, тиындарын түгендейтін болған.
Ал «Жігіттер» тобының мүшесі Ердос Қанаев азық-түлік бағасынан хабардар болып жүретін әншілердің бірі екен. Ол елімізде нақты ненің қымбаттап, ненің арзандағанын жақсы білетін болып шықты.
Ердос Қанаев, «Жігіттер» тобының әншісі:
– Нан қазір 80 теңге. Әр түрлі – 100 теңге, 75 теңге, 70 теңге. Сүттер мысалы үшін 350 теңге, 400 теңгеден.
«Ринго» тобының солисі Аян Бірбаев қазіргі қиын-қыстау кезеңді өз пайдаларына асырып, бағаны шарықтатып жіберген саудагерлерге назары. Аян қымбатшылық адамның атағына қарамай, зардабының бәріне бірдей тиетінін айтады.
Аян Бірбаев, «Ринго» тобының әншісі:
– Азық-түлік болсын, мысалға бензин болсын кез-келген заттың қымбаттауы әркімнің қалтасына ауыр тиеді. Ойбай, біз оған мән бермейміз деп айту өтірік болады.
Белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова: «супермаркетке кіргенде, тиын санап, ақша жеткізе алмай тұрған қарияларды көргенде ішім ит жырқандай болады», - деп ашынды.
Гүлнұр Мамасарипова, продюсер:
– Қалада мен көп көремін, өзіміздің үлкен аталарымыз, әжелеріміз тиын санап тұрады ғой кассаның қасына келіп, сол кезде менің жүрегім аурады. Сол кісілердің шымбайына бататын нәрсе.
Қымбатшылық қысқан жұлдыздар, табысты ұлғайтудың көзін іздеуде. Сондықтан, жақын күндерде әншілердің гонорарлары да шарықтап кетсе, таңқалмассыз.