Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» картинасы – жыл фильмі. Ал Данияр Алшынов пен Динара Бақтыбаева үздік актерлар!
Күні кеше «Қазақстан Киносыншылар Ассоциациясы» тұңғыш рет онлайн түрде кіл мықты киногерлерді анықтады. Бірақ бұл бәйгеде Нұрлан Қоянбаевтың лентасы неліктен табысты туынды деп танылмады?
«Киносыншылар таңдауы» Оскардай болмаса да, отандық киногерлер арасында маңызды марапатқа айналып үлгерген-ді. Айтулы шара 2015-ші жылдан бері үздіктерді саралап, дәстүрлі түрде мүсіншілерін табыстап келеді. Алайда, бұл жолы коронавирус кесірінен жүлделерді онлайн түрде тапсыруға тура келді.
Биыл «Киносыншылар таңдауында» фильмдер 13 номинация бойынша бақ сынады. Кіл мықтыны анықтау «Қазақстан Киносыншылар Ассоциациясы» мүшелеріне сеніп тапсырылған. Ал онлайн форматтағы киносайыстың жүлдесін алғаш болып актриса Динара Бақтыбаева иемденді.
Динара Бақтыбаева, актриса:
– Шынымды айтсам мен күткен жоқпын. Себебі, менің бәсекелестерімнің барлығы лайықты актрисалар. Қатты қуаныштымын, тіпті айтар сөз де дайындамап едім. Бәріне рахмет!
Аталмыш номинация бойынша Бақтыбаевамен бірге Альмира Тұрсын, Динара Шарипова және Меруерт Саббусинова таласқа түскен еді. Ал ерлер арасынан Данияр Алшынов «үздік актер» ретінде жеңіске жетті.
Данияр да, Динара да режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильміндегі актерлік шеберлігі үшін «үздік» деп танылды. Туынды авторы дәл осы картинасымен «Үздік фильм», «Үздік режиссер» және «Үздік оператор» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
Әділхан Ержанов, режиссер:
- Егер өзіңе сенімді болсаң үмітің де ақталады.
Данелия Тулешованың «Каникулы оффлайн» картинасына арнаған әні «үздік саундтрек» жүлдесін еншіледі. Одан бөлек, аталмыш комедия «үздік жанрлық фильм» марапатын еншіледі.
Ақан Сатаев, продюсер:
- Қазіргі қоғамға пайдасы мол, қажетті фильм дер едім. Меніңше, бұл жоба коммерциялық болса да, көрерменге берері мол.
Осылайша Ақан Сатаев продюсерлік еткен лента, Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахскиі» мен Нұртас Адамбайдың «Әкім» комедияларына шаң қаптырды.
Гүлнар Абикеева, киносыншы:
- Ең алдымен картинаның кәсіби сапасына қарадық. Сценариі, түсірілімі, актерлердің ойыны, художниктердің жұмысының деңгейі дегендей.
Қысқасы, Нұрлан Қоянбаев пен Нұртас Адамбайдың туындылары бұл жылы киносыншылардың көңілінен шықпаған көрінеді.