Paris Fashion Week аясында, әлемнің ең әйгілі «Dior» сән үйі өз топтамасын таныстырды! Жер жаһанның стильді сұлулары демін ішке алып, Мария Грация Кьюридің кезекті өнер туындыларын тағатсыздана тосқаны жасырын емес.
Бұл жолы талантты дизайнер суретші, әрі феминист Джуди Чикагомен шығармашылық байланыс орнатқан-ды. Шебер кезекті коллекциясы арқылы «егер әйелдер әлемді басқарса не болар еді?» деген сұраққа жауап іздеген.
Топтаманың өзі «феминизм» тақырыбын ту еткенімен, нәзіктікке толы болды. Ондағы үлгілердің басым бөлігі алтын түстерден құралған. Одан бөлек, ақ, сұр реңкті үлгілер де жетерлік. Дизайнердің айтуынша, ондағы кей көйлектерді тігу үшін бірнеше ай кеткен көрінеді.
Ал бұл күні кешке жиналған меймандар тың топтаманы бірінші болып тамашалауға асықса, енді бірі Мария Грация Кьюриді қолдауға келген еді. Қонақтар арасында Моника Белуччи, Ума Турман, Наталья Водянова бастаған танымал тұлғалар да көп болды.