Қаланың қақ ортасында қарақшының құрығына тұтылған дәстүрлі әнші Уатхан Заханқызы 11-інен, 12-сіне қараған түні бір ажалдан аман қалды. Мерекелік кештен шыққан әртіске өз көлігінде шабуыл жасалған. Бетін тұмшалаған еркек, Уатханның мойынына пышақ тақап, айтқандарын орындатқан. Оқиға былай былай өрбіген...
Уатхан Заханқызы, әнші:
– Тура алдымда бір еңгезердей еркектің келе жатқан сұлбасын байқап қалдым. Көлігім құлыптаусыз болды. Ең бірінші ойыма келген дүние, жаңағы сол мерекелік кеште болған оператор балалар, мүмкін әріптестердің қалжыңы ма деп ұқтым, артқы көліктің есігі ашылып жатқан кезде. Ондай қатты қорқыныш болған жоқ, білмеймін.
Бірақ Уатхан мән-жайдың қалжың емес екенін ұққанда, бәрі кеш еді. Өйткені қаскөй көлікте өз билігін жүргізуді бастап кетеді.
Уатхан Заханқызы, әнші:
– Аузымды перчаткамен жапқан кезде, мойыныма пышағын тақаған кезде мен түсіндім мына жерде ешқандай әзіл-қалжың емес, күрделі бір дүние екенін сездім. Оның бірінші айтқан сөзі маған «заткнись, либо я тебя зарежу» деді.
Кейін Заханқызы мойынына пышақ тақалған күйі, қарақшының нұсқауымен қала көшелерін аралаған. Адам жоқ айлаққа келгенде, 70 мың теңгесін жымқырып, қылқындыруға кіріскен. Әнші сол кезде «өлген жерім осы шығар» деген ойға келіпті.
Уатхан Заханқызы, әнші:
–Бір кезде байқадым алдыма жіп түсті. Соншалықты жіңішке де емес, жуан да емес жіп. Сөйтіп анау жіп кәдімгідей жайлап менің кеуде тұсыма келді, мына моншақтай тұсқа келген кезде мен алдымда жіпті ұстай бастадым. «Убери руки, иначе я тебе руки отрежу» деді. Тағы да жібердім. Өңешіме келді жіп. Қылқындыра бастады.
Білгенін істеп болған қаскөй, жіпті босатып, ары қарай тіпті сорақы әрекетке көшкен.
Уатхан Заханқызы, әнші:
– Қылқындырып болғаннан кейін, отырып алып «я решил тебя не убивать» деді. Ол шешті менің тағдырымды, өмірімді. Сонымен отырып алып, сидениені артқа түсірді. Мен жаттым сидениеде. Сол жерде демімен демалып, мына құлағымның түбіне дем алып, иіскеп, шашымнан иіскеп, қолын сумаңдатып анда да мында да жіберген кезде, жан керек айттым «менің аяғым ауыр еді» дедім.
Осы кезде жүрегі жібіді ме Уатханды жібере салып, өз өмірін жіпке тізген моншақтай баяндап береді. Тағдырына шағымданады. Әнші де жаны ашыған адамның кейіпінде ақыл айтып, түр-тұлғасын жаттап алады. 4 сағат шерін тарқатып болған соң, қала көшелерінің бірінде түсіп қалады. Бірден құқық қорғау ограндарына шағымданған Уатханға, қылмыскерді араға 3 күн салып тауып береді. Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот отырысы келер айдың аяғына жоспарланып отыр.