Толық қыздардың жұлдызын жақпақ болған продюсер Баян Алагөзованың «Я – пышка» комедиясының трейлері жарық көрді. Дамир Тастембеков режиссерлік еткен туындыда Назерке Назарова, Жәния Джуринская, Қарлығаш Мұхамеджанова және Тәуекел Мүсілім бой көрсетеді. Продюсер картинаға саундтрек түсіруді де жоспарлап қойған.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Өздеріңіз көріп тұрғандай рэперлер отыр, режиссермен ақылдаса келе, осы жігіттер «Кешью» тобымен бірлесе фильмге саундтрек жазып, бейнебаян түсірмекшіміз.
Ал желіге енді жүктелгенін трейлерді көрермен сынап үлгерген. Бірі, 2018 жылы жарық көрген Голливудтық «Красотка на всю голову» фильмінің көшірмесі десе, енді бірі продюсердің «Осторожно, корова» комедиясына ұқсатуда.
Таяуда ғана заңды түрде некесін қиып, бойдақтар қатарынан ресми түрде шыққан Тәуекел Мүсілім бомонд бас қосқан жерлерде енді сүйікті жарымен бірге көрініп жүр. Тіпті Махаббат ханымды жанынан екі елі тастамауға тырысып бағуда. Жұбайын тілшілердің ащы сұрақтарынан қорғап жүр ме, әйтеуір журналисттерге сұқбат беруден ат басын ала қашып жүр.
Қысқы демалысын жылы жақта өткізіп жатқандардың бірі – Салтанат Бақаева. Алайда әнші әрі актриса әріптестері секілді теңіз жағасында бикинимен суретке түсуге асықпайды. Желідегі фотодан көпшілік Салтанаттың толықтығын сынға алғаны сонша, актриса өзін арық қыздар қатарына қоспайтынын айтып, «барға қанағат, жоққа сабыр деп өзімді жұбатамын», деп барынша ақталуға тырысқан.