Голливудтың күллі киногерлері «Gotham Awards» шарасына жиналды. Нью-Йорк қаласында дәстүрлі түрде өтетін аталмыш марапат, жылдың үздік фильмдерін анықтайды.
1991 жылдан бері өткізіліп келе жатқан кинобәйгенің биылғы триумфаторы -
«Сәтсіз неке» лентасы. Драма «үздік фильм», «үздік сценарий» және «көрермен таңдауы» аталымдары бойынша топ жарды. Оған қоса,
картинада басты рөлді сомдайтын Адам Драйвер «үздік актер» атанды.
Адам Драйвер, актер:
- Рахмет, баршаңызға әсіресе көрермендерге алғысым шексіз. Барлығы біздің түсірілім тобымыздың арқасы. Жеңісімді фильмдегі кейіпкеріме арнаймын.
Үздік деп танылған картинада Адамның жұбайын актриса Скарлетт Йоханссон сомдаған еді. Енді бұл драма «Оскар» бәйгесінде бақ сынамақ.
Аквафина есімімен танылған Нора Лам «үздік актриса»! Нора «Қоштасу» фильміндегі рөлі үшін мәртебелі марапатқа ие болды.
Аквафина, актриса:
- Қатты қобалжып кеттім. Неге десеңіздер, мен тіпті алғыс сөзін де жазып үлгермедім. Маған сенім артқан жандарға рахмет.
Есесіне, жеңімпаздарға жүлдерелін табыстап, кештің қадірлі қонағы атанған Дженнифер Лопеске марапат бұйырмады. Әнші төбе көрсеткен «Hustlers» картинасы «үздік фильм» жүлдесінен дәмелі еді. Алайда, өнер иесі жеңілісіне еш өкінбек емес.
Дженнифер Лопес, әнші, актриса:
- Шынымды айтсам, бұл фильм мен үшін ерекше жобалардың бірі. Көрерменнің ыстық ықыласына бөлендік, оның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын.