Күні кеше Лондонда Гай Ричидың «Джентельмендер» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Аталмыш кешке Джейсон Стэтхем Рози Хантингтон-Уайтлимен, Хью Грант жары Анна Эберштейнмен бірге келді.
Алдағы жылдың 1-ші қаңтарында тұсауы кесілетін фильмді тағатсыздана күтіп жүргендер жетерлік. Гай Ричи таспалаған туынды атыс-шабысқа, есірткі барондарының сәтсіздіктеріне, қала берді басбұзарлардың құйтырқы әрекеттеріне негізделген. Киноның сценарийін Гайдың өзі жазып шыққан және режиссердың айтуынша, түсірілім барысында қиялынан туған туындыға қарап тамсанып отырыпты.
Гай Ричи, режиссер:
- Бәрі көңілімнен шықты. Әсіресе актерлардың ойыны. Күрделі сахналар көп болғандықтан, кейде кідіріп қалып жаттық. Бірақ кәсіби командамның арқасында бәрін еңсердік. Түсірілім кезінде Чарли сынған қолын ауыртып алғанына қарамастан жұмыс істеді. Оған жеке рақметімді айтамын.
Режиссердің сенімін жүз пайыз ақтаған актер Чарли Ханнам: кино көрерменге жеткенше мың қобалжитын сияқтымын, - дейді. Себебі түсірілім алаңында қолының ауырғаны ойнауға қатты кедерге келтірген.
Чарли Ханнам, актер:
- Иә, бұл фильмнің сюжеті ерекше. Күтпеген оқиғалар бәрін шиеленістіріп отырады. Кімнің сатқын, кімнің дос екенін кино соңына дейін ешкім түсінбесі анық. Алғаш сценарийді қолыма алғанда, тағатсыздана соңына дейін оқып шықтым. Әсері мен күткеннен де жоғары болды.
Оқиға желісі ерекше өрбиді. Оксфордтың талантты түлегі өзінің дарыны мен ақылының арқасында жедел бірақ заңсыз баюдың тәсілін табады. Осы жолда түрлі қиындықтар мен кедергілерге тап болады. Бәрі талапшыл джентельмендердің кесірі. Олар алаяқ айлакердің әрекеті іске аспау үшін бар жандарын салады. Бұл жолда атыс та, шабыс та, қантөгіс те кезігеді.
Ел үздіге күтіп жүрген кинода басты рөлді: Мэттью МакКонахи мен Чарли Ханнам сомдайды. Одан бөлек фильмде: Хью Грант, Мише́ль До́кери, Эдди Марса́н және Ко́лин Джеймс Фа́ррелл бой көрсетеді.