Кезекті клипінің түсіріліміне кіріскен Омарова, бұл жолы отандық шоу-бизнестегі олқылықтарды оңалтуды көздейді. Тың туындысы арқылы әнші, видеоның сюжетін таптаурын тақырыптардан, ал клиптегі кейіпкерлерді жаттанды актерлардан аластатуға бекінген. Сондықтан болар, су жаңа әнбаянға қазақ жігіттерін алмапты.
Зарина Омарова, әнші:
- Белгілі бір адамдар бар. Соларды қайта-қайта түсіре береді. Жаңа актер іздеу үшін, біраз уақыт керек таңдап жүру үшін. Оның түрі келіп тұрса да, кәсіби шеберлігі келмей тұрады. Сол себепті, ерекше түрлерді іздедім де өзім. Өте көп қазақтар актер болып кетті. Барлықтарының бет-әлпеті таныс болып кетті.
Кастингтен сүрінбей өткен дәл осы қыз бен жігіт. Бұл жұп өзге ұлттың өкілдері, әрі түсірілім алаңындағы жұмысы әнші бикешке бірден ұнаған.
Зарина Омарова, әнші:
- Бұл жұп бет-әлпетімен және де актерлық шеберлігі өте керемет. Өте шебер. Адам сеніп қалатындай ойнайды екен. Өзім жылап-қала жаздадым, шынымды айтайын. Ұрыс-керіс деген сияқты... Соның бәрі көрсетіліп жатыр. Нақты өмірде болатын нәрселер ғой.
Иә, бұл бейнебаянда отбасылық өмір айна-қатесіз көрсетеледі. Баяу әннің орындаушысы дауысының ерекше бояуымен баурайтынына сенімді.
Зарина Омарова, әнші:
- Кішкене үндінің дыбыстары бар ішінде. Содан кейін шығыс елдерінің дыбыстары бар.
Әдетте өнер өкілдері ән жазса, ырғағы биге ыңғайлы туындыны таңдайтын еді. Мақсаты – хит қылудың қамы және табысқа кенелу! Омарова бұл жолы танымалдардың санасына сіңген стеротипті бұзуға бекінген.
Зарина Омарова, әнші:
- Негізінде мен табыс табу үшін творчествода жүрген жоқпын. Сен өзіңе нақты мақсат қойып, мен табыс табу үшін жүрмін десең, онда сенің табысың аз болатын секілді. О баста сен нені қалайсың соны жаса. Сосын табыс өзі келе береді негізінде!
Клиптің түсірілім жұмыстары бес локацияға бөлінген. Шығармашылық ұжым таспаға тартылған тың кадрлардың жиынтығын келер айда жарыққа шығармақ.